Жыл сайын көктемнің жайдары осындай уақытында елордаға республикамыздың әр өңірінен көңілдерінде қобалжумен қоса қуаныш сезімі орын алған, шаттықпен бірге жастықты ұштастырған, сеніммен бірге достықты жалғастырған “Жас қанат” байқауына қатысушылар бас қосады. Өнердің қара қазанында бір-бірімен тайталаса, өзара бәсекелесіп, кейде баптан гөрі бақтың озып шабатынына күмәнмен емес, өз-өзін жетілдіруге берілген зор мүмкіндік ретінде қарайтын жас таланттар биыл тағы да, Астанаға келді.
Сейсенбі күні жас әншілер еліміздің мақтанышына айналған, қанат жайып өсіп-өркендеп келе жатқан бас қаланы аралап, оның зәулім де көзтартар құрылыстарына іштей тәнті болып қайтты. Қала тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналған көрікті жерлер мен айшықты нысандарда да болды. Мәселен, экскурсияның алғашқы қадамы Президенттік Мәдениет орталығынан басталды. Еліміздің тарихынан берері көп, тәрбиелік мәні зор бұл орталықтан жастар мол рухани ізгіліктерді саналарына сіңіріп шықты деп айтуға толық болады. “Тарихты оқулықтардан немесе кітаптардан оқу бір басқа да, көзбен көріп, шежірелерден ұғынудың жөні тағы бір басқа екен”дейді жас әншілердің ішіндегі Алматы облысының Қаскелең кентінен келген Лиза Кенжебаева.
Осыдан кейін “Жас қанат” үміткерлері “Бәйтерекке” қарай бет алды. Мұнараның шырқау басына шыққан олар шынымен де елорданың көркіне, қарқынды даму жылдамдығына тәнті болып, іштей ел басқарып отырған ағаларымызға ризашылықтарын білдіріп жатты. Өйткені, тәуелсіз Қазақ мемлекеті өмірінің тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалының қаншалықты алға кеткендігін бұл жас өрендер “Бәйтерекке” шыққанда ғана толық сезінетіндіктерін олар анық білгендей болды.
Бұдан соң жас таланттар бейбітшілік пен ынтымақтың тұлғалық нысанына айналған Пирамида ғимараты мен Тәуелсіздік сарайына ат басын бұрды. Мұнда олар Астана туралы 4D форматында түсірілген қысқа метражды фильмді тамашалады.
Осы қатысқан іс-шаралар барысында біз жасқанаттықтардың араларындағы достық рәуіштегі жылы қарым-қатынасты анық байқадық. Өнер бәйгесіне қатысатындықтан араларында белгілі деңгейде бәсекелестіктен туатын ептеген қызғаныш бар шығар-ау деп ойласақ, әзірге ондайды көре қойғанымыз жоқ. Бұл ойымызды “Жас қанат” күнделігінің жүргізушісі Зүлфия Темірғалиева да растап отыр. “Мен жастарды бақылап әрі олармен бірге жұмыс істеп жүрмін. Олардың барлығы да өте тату әрі бауырмал. Байқаудың шешуші сәтінде де осылай болса деп тілеймін. Осы күндері бір нәрсеге көзім анық жетті. Олардың әрқайсысы өзінше талант және өзіндік болмысымен ерекшелене алады”, деді ол.
Сәрсенбі қатысушылар үшін аса жауапты әрі қызықты күн болды. Бұлай дейтін себебіміз, осы күні үміткерлер жеребе тарту арқылы өздерінің қаншасыншы болып сахнаға шығатындықтарын анықтайтын сәт еді. Шыны керек, қай әншінің де бірінші болып шыққылары келмейтіні белгілі. Өйткені бірінші әншіге қашанда жүктің ауырлығы, бәсекелестіктің мысы басатыны анық. Сәрсенбінің сәтті күнінде жасқанаттықтар “Нефть” атты түнгі клубта жеребе тарту шарасына қатысты. Өздерін қандай реттік саны күтіп отырғанын білмейтін үміткерлер бойларындағы қобалжу сезімін жасыра алмады. Үстел үстінде қойылған түйе сувенирінің астына жасырылған қағаздарды алу барысында қолдары дірілдемегендері некен-саяқ. Дегенмен де, бұйырған кетпейді, қуған жетпейді дағдысына еттері үйреніп қалған әншілер бірден барды да жеребе тартып, өздерінің сахнаға шығатын реттік нөмірін анықтады. Сонымен бірінші болып Алматы қаласынан келген 23 жастағы Қанатбек Пулатбеков сахнаға шығатын болса, ал ең соңғысы астаналық 23 жастағы Диана Маева деп белгіленді.
Жеребе тарту шарасына қатысқан Астана қаласы мәдениет департаментінің бастығы Еркебұлан Әгімбаев: “Осымен он тоғызыншы рет “Жас қанат” байқауы жас әншілерге мүмкіндік беріп отыр. Әншілердің дені кезінде осы басқыштан бастап, өздерінің шығармашылық, әншілік қабілеттерін осы байқауда сынаған болатын. Сонымен қатар, бұл конкурс жаңа әндердің, жаңа есімдердің танылуына зор ықпал жасайды. Әншілермен қоса композиторлар да сыннан өтеді. Сондықтан бұл мүмкіндікті қолдарыңнан жіберіп алмауларыңыз керек”, – деп әншілерге сәттілік тіледі.
Сонымен байқаудың басталуына бір күн қалды дегенде жас әншілер өнер ордасына айналған Қазақ ұлттық музыка академиясының ұжымымен кездесті. “Бұл жоба уақыт өткен сайын өзінің танымалдылығын арттырып келеді. Жас әншілердің болашағына, шығармашылық жетілуіне үлкен серпін беретініне сенімдімін. Таланттар әрқашанда көзге көрінуге тиіс. Оларға ұдайы қолдау көрсетіп, демеп отыруымыз керек. Ертең өткелі жатқан конкурстың мән-мағынасы сіздер үшін аса маңызды. Эстрадаға жетелейтін бағдаршамдарыңыз іспеттес. Сондықтан да, сіздердің әлем танитын, халқымыздың атақ-абыройын асқақтататын танымал әнші болуларыңызға тілектеспіз. Сіздерге Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева және тағы басқа мықты-мықты әншілердің жолын берсін”, деді Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева.
“Жас қанат” жас әншілер үшін берілген зор мүмкіндік екені рас. Үлкен сахнаға, еліміздің қызу шоу-бизнесіне, танымалдылыққа апаратын жол болып есептелінетін бұл байқаудан бүгінгі қазақ эстрадасында бағы ашылған, жұлдызы жанған талай белгілі әншілер шыққаны мәлім. Мәселен, 1992 жылғы “Жас қанат” байқауының бірінші сайысына қатысқан Медеу Арынбаев, сонымен қатар Бақыт Шадаева, Нұрлан Абдуллин, Бауыржан Исаев, Алтынай Жорабаева, Мәдина Садуақасова сияқты әншілер де кезінде осы байқаудың жеңімпаздары атанып, бүгінде қазақ әншілерінің ішіндегі өзіндік болмысы мен орны бар өнер иелері болып жүр. Көп ұзамай, осы жолғы ХІХ республикалық байқауына қатысқан жас таланттардың да аттары, абыройлары асқақтайтын болады. Атар таңдар әлі алда.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.