Спорт • 20 Қараша, 2020

Дәулет Теміржанов пен Азамат Дәулетбеков ел чемпионы атанды

534 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еркін күрестен Алмтыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының алғашқы жарыс күні 57 және 86 кило салмақ дәрежелерінің де жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.

Дәулет Теміржанов пен Азамат Дәулетбеков ел чемпионы атанды

57 кило салмақ дәрежесіндегі барлық балуандардың деңгейлері бірдей болды. Жарыс қарсаңында дуалы ауыз мамандардың өздері ешкімді бөле-жара атай алмады. Десек те жекпе-жекте бір ғана жеңімпаз болуға тиіс. Бұл жолы ақмолалық Дәулет Темиржанов дара шықты. Финалда қандасымыз қарағандылық Жавохир Иристаевты жеңді. Шымкенттік Ғабит Төлепбай мен жамбылдық Рахат Қалжан қола медальдарды иеленді.

86 кило салмақта шығысқазақстандық Азамат Дәулетбеков пен алматылық Әділет Даулынбаевтың өзара тартысын тағатсыздана күттік. Екеуі де талай дүбірлі додаларда әбден ысылған әккі балуандар. Барлық қарсыластарын сыпыра ұтқан Азамат ақтық сынға алқынбай жетті. Ал Әділет жартылай финалда талдықорғандық Есқали Дәулетқазының осал тұсын таба алмады. Финалда Дәулетбеков пен Дәулетқазы күресті. Бұл бәсекеде Азаматтың асығы алшысынан түсті. Әділет пен маңғыстаулық Нұрдәулет Көктеубаев үшінші орынға табан тіреді.