Спорт • 22 Қараша, 2020

Күрес: Елхан Асадов пен Олег Болтин Қазақстан чемпионы атанды

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде өткен еркін күрестен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күрес: Елхан Асадов пен Олег Болтин Қазақстан чемпионы атанды

92 және 125 кило салмақ дәрежелеріндегі белдесулердің нәтижелері мынадай болды:

92 кило салмақ дәрежесінде маңғыстаулық Елхан Асадовтың асығы алшысынан түсті. Финалда ол Нұр-Сұлтанның балуаны Ералы Абдрашевтен айласын асырды. Үшінші орында – өскемендік Шәмил Магамадов пен елордалық Нұрғали Нұрғайыпұлы.  

125 кило салмақта павлодарлық Дәулет Шабанбай, шығысқазақстандық Олег Болтин, қарағандылық Ермұхамбет Іңкәр және ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев сынды алыптар болды. Олардың барлығы да аса ірі халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген дүлдүлдер. Солардың арасынан Дәулет пен Олег озып шықты. 37 жастағы Шабанбайдың кезінде Олимпиадада қола медальді иеленіп, Азия ойындарында бір рет және құрлық біріншілігінде бес рет жүлдегерлер санатынан көрінгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Болтин одан он жас кіші. Бұл тартыс жас жолбарыстың пайдасына шешілді. Олег Болтин – алтын, Дәулет Шабанбай – күміс және Юсуп Батырмұрзаев пен түркістандық Бақдәулет Өсербай – қола медальдарды мойындарына ілді.