Астанада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың алғашқысы “Ұлы Жеңіс – ардагерлер өмірінде” атты акция бастау алды.
Қала әкімдігінде осы шараның басталуына орай оның екі жобасы таныстырылды. Мұнда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Алпысбеков акцияның негізгі мақсаты Ұлы Отан соғысын бейнелі түрде еске алу екенін, сондықтан оның екі жобасының бірі ардагерлердің фотосессиясын жүргізуге, ал екіншісі деректі фильм көрсетуге арналатынын айтты. Оның айтуынша, бірінші жобада қала бойынша аты-жөні, шайқасқан жері мен кейінгі буынға айтқан сөздері жазылған 65 астаналық ардагердің портреттері ілінетін болады. Екінші жобада – “65 жыл – 65 әскери тағдыр” атты деректі фильм көрсетіледі. Жеңіс күніне арналған бұл фильмге Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигельдинов пен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов сияқты ардагерлердің өмірі, соғысқан жерлері мен ерліктерін көрсету жоспарлануда. Осы жобаны жасағандардың бірі Гауһар Жансейітованың айтуынша, фильм Қазақстанның барлық әскери бөлімдерінде, қала мектептеріндегі ашық сабақтарда телеарналарда көрсетіледі. Сонымен бірге оны Астана қаласының ресми сайтынан да (www.astana.kz) көруге болады.
– Фильмде 30 сағаттық материал түсірілді, – деді ол. – Мұнда Отанға қызмет етуде үлкен ерлік пен үлгі көрсеткен, соғыста қан кешіп, от пен оққа кеудесін тосқан қаһармандардың ерліктері көрсетіледі. Сондай-ақ, онда ардагерлердің зұлмат соғыс пен жауынгер жолдастары туралы естеліктері айтылады. Қазір ардагерлердің соғыс пен жеңіс туралы айтқан келелі сөздері бейнеролик топтамасымен еліміздің жетекші арналарында көрсету жоспарланып отыр. Бұл жобаға Мәскеу мен Минск басшылығы да қызығушылық танытуда.
Сонымен бірге қала әкімдігінде өткен кеңесте Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар таныстырылды. Онда негізгі акциялардың 7-9 мамыр күндері өтетіні, оның алдында Астанадағы салтанатқа Қазақстанның өзге өңірлерінен ардагерлер келетіні хабарланды. Содан кейін келесі күні қалалық зиратта сағат 09.00-де соғыста жараланып, қайтыс болған жауынгерлердің басына “Даңқ гүл шоғын” қою рәсімі, одан кейін сағат 11.00-де Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі, сағат 15.00-де Тәуелсіздік сарайында салтанатты жиын мен мерекелік концерттің болатыны айтылып, осы шарадан соң сағат 17.00-де Елбасы мен Қорғаныс министрі атынан Салтанат сарайында ардагерлерді қабылдау рәсімі өтетіні туралы мәлімет берілді. Келесі 8 мамыр күні сағат 11.00-де “Отан қорғаушылар” монументінің алдында “Даңқ гүл шоқтарын қою” рәсімі, театрландырылған қойылым мен Қорғаныс министрлігінің орталық ән-би ансамбльінің концерті, сағат 12.30-да қала алаңдарында үрмелі оркестр концерттері өтетіні хабарланды.
Ал 9 мамыр күні сағат 10.00-де Тәуелсіздік даңғылындағы “Қазақ елі” монументі алаңынан бастап “Отан қорғаушылар” монументіне дейін Ұлы Отан соғысында Жеңістің 65 жылдығына арналған азаматтық шеру басталып, одан кейін кешке дейін Жастар сарайы жазғы сахнасы, Қаржы министрлігі алдындағы гүлзар, елорда саябағы, Бауыржан Момышұлы саябағындағы амфитеатр, “Арай” саябағы мен қалалық алаңда үрмелі оркестрдің концерті өтетіні хабарланды.
Осы күні сағат 17.00-де Конгресс-холлда Жеңіс күніне арналған КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің жеке концерті болып, одан әрі мерекелік шара сағат 22.00-де от-шашумен аяқталатыны белгілі болды.
Қазір қала әкімдігінің мәліметтеріне қарағанда, Астанада 484 соғыс ардагері тұрады. Жеңіс күніне орай олардың әрқайсысы республикалық бюджеттен материалдық көмек ретінде 65 000 теңге, ал жергілікті бюджеттен 35 000 теңге алатын болады. Сондай-ақ, қалада тұрып жатқан 53 фашизм тұтқындары мен соғыста қаза тапқан жауынгерлердің 25 жесіріне 10 000 теңгеден, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және соғыс мүгедектеріне теңестірілген 1 700 азамат пен 3 906 тыл еңбеккеріне 4 000 теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Осы күндері 8 сәуірден бастап астаналық 48 ардагер “Оқжетпес” санаторийінде жолдамамен демалуда.
Дастан КЕНЖАЛИН.