Спорт • 23 Қараша, 2020

Еркін күрестен ел чемпиондары анықталды

2739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда еркін күрестен Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Достық» спорт кешенінде өткен жарыс сенсацияға толы болды. Олай деуге негіз, бұған дейін елішілік жарыстарда үнемі тұғырдан түспей, халықаралық додаларда жүлде алып жүрген балуандардың біразы бұл жолы өздерінің жылы орындарын жалынды жастарға босатты. 

Еркін күрестен ел чемпиондары анықталды

Жарыстың алғашқы күні үш салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтті. Жанкүйерлер 61 кило салмақтың бас жүлдесі үшін тартыс қос құрдас – ақтөбелік Нұрислам Санаев пен өскемендік Расул Қалиев арасында өрбиді деп болжады. Екеуінің де жасы 29-да. Алайда әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы деген дардай атағы бар дүлдүл алғашқы айналымдарда ойда-жоқта есімі көпшілікке беймәлім Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі Мұхтар Сейітовтен ұтылды. Ал сары құрлықта қарсылас шақ келтірмей, Азия ойындарында күміс медальді мойнына ілген Расул Қалиев жартылай финалда Адлан Асқаровқа жол берді.

Ақтық сында атыраулық Саламат Мәліковке сан соқтырған Адлан Асқаров ел чемпионы атанды. Енді осы айқын жеңістен кейін Алматы облысынан келген спортшының әр қадамын қырағы мамандардың жіті қадағалайтыны анық. Себебі, бұған дейін ол жасөспірімдер мен жастар арасындағы және 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем біріншіліктерінде жүлде алды. Бірақтар халықаралық жарыстарда олжа салды. Міне, енді жасы 20-дан енді ғана асқан Адлан ересектер дуында қарсылас шақ келтірмеді. Қола медаль Расул Қалиев пен қарағандылық Азат Оганнисянның қоржынында.

57 кило салмақ дәрежесіндегі барлық балуандардың деңгейлері бірдей болды. Жарыс қарсаңында дуалы ауыз мамандардың өздері ешкімді бөле-жара атай алмады. Десек те күрестің ережесі бойынша жекпе-жекте бір ғана жеңімпаз болуға тиіс. Бұл жолы ақмолалық Дәулет Теміржанов дара шықты. Финалда қандасымыз қарағандылық Жавохир Иристаевты жеңді. Шымкенттік Ғабит Төлепбай мен жамбылдық Рахат Қалжан қола медальдарды иеленді.

86 кило салмақта шығысқазақстандық Азамат Дәулетбеков пен алматылық Әділет Даулынбаевтың өзара тартысын көпшілік тағатсыздана күтті. Екеуі де талай дүбірлі додаларда әбден ысылған әккі балуандар. Барлық қарсыластарын сыпыра ұтқан Азамат ақтық сынға алқынбай жетті. Ал Әділет жартылай финалда талдықорғандық Есқали Дәулетқазының осал тұсын таба алмады. Финалда Дәулетбеков пен Дәулетқазы күресті. Бұл бәсекеде Азаматтың асығы алшысынан түсті. Әділет пен маңғыстаулық Нұрдәулет Көктеубаев үшінші орынға табан тіреді.

Ел чемпионатының екінші күні 65 кило салмақ дәрежесіндегі белдесулер өте шиеленісті өтті. Кілең көкжалдар арасынан қызылордалық Дәулет Ниязбеков пен қарағандылық Әділ Оспанов суырылып шықты. Бұл бәсекеде Сыр бойы саңлағының жеңетініне ешкімнің күмәні болмады. Өйткені, Дәулеттің әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы деген атақтары бар. Иә, Әділ ондай жетістігімен мақтана алмайды. Айтқандай-ақ, финалдық сайыс Ниязбековтің айқын басымдығын аяқталды. Сөйтіп, Дәулет Қазақстан чемпионатында сегізінші мәрте топ жарды. Жамбылдық Нұрсұлтан Садық пен  шығысқазақстандық Олжас Олжақанов үшінші сатыға жайғасты.

14141

70 кило салмақ дәрежесінде бас жүлде үшін тартыс шымкенттік Нұржан Сейітжан мен атыраулық Сырбаз Талғат арасында өтті. Бұл бәсекеде Атыраудан келген балуанның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Қарсыласын 10:0 есебімен айқын ұтқан ол ел чемпионы атанды. Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Сұлтан Бейісов пен талдықорғандық Ерлан Тәңірбергенов қола медальді қоржындарына салды. Расыда да осы еркін күрес шеберлерінің жеңіс тұғырына көтерілуі көпшілікті таңдандырды. Ал Саятбек Оқасов, Амандық Бакеев, Мейіржан Әшіров, Азамат Шағапұлы сынды танымал спортшылар қалың топтың арасында қалың қойды.

97 кило салмақта Әлішер Ерғалиға тең келер ешкім табылмады. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде жүлдегерлер қатарынан көрінген Жамбыл облысының өкілі былтыр ересектердің Азия чемпионатында күміс медаль алып, өз жанкүйерлерін бір қуантқан еді. Іле-шала Циолковскийдің мемориалында бас жүлдені қанжығасына байлады. Күзде Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреді. Міне, енді Әлішер Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Жасы 20-дан енді ғана асқан балуан үшін бұл тамаша нәтиже екені сөзсіз.

павп

74 кило салмақтың негізгі фавориттері үшеу еді. Олар – Нұрлан Бекжанов, Нұрқожа Қайпанов және Данияр Қайсанов. Барлығы да әлем чемпионатының жүлдегері атанған апайтөстер. Нұрлан бұл атаққа 2016 жылы Будапеште қол жеткізді. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен додада Нұрқожа күміс алса, Данияр қола медальді мойнына ілді. Бірақ ол кезде Қайпанов 70 кило салмақта күрескен еді. Одан бөлек, есімдері аталған өрендердің барлығы да құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқырады. Бірақ алғашқы айналымнан кейін Қайсанов жарысты жалғастырудан бас тартты. Себебі, бірнеше күн бойы оның белі ауырып, қатты мазасызданған екен. Содан жарақатын асқындырып алмайын деп, осындай шешім қабылдады. Бұл жағдайды Нұрқожа Қайпанов ұтымды пайдаланды. Қарсыластарының барлығын қапы қалдырған Солтүстік Казақстан облысының өкілі финалда қызылордалық Қанат Мұсабековті ұтып, алтын түғырға көтерілді. Нұр-Сұлтандық Нұрлан Бекжанов пен алматылық Дархан Есенғали үшінші сатыларға жайғасты.

79 кило салмақтың фавориті 32 жастағы Ғалымжан Үсербаевті тұғырдан тайдыру үшін жалынды жастар барын салды. Алайда Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреп, бірқатар халықаралық додаларда жүлдегерлер санатына қосылған Сыр бойының саңлағы ешкімге ондай мүмкіндік бермеді. Қарсы келгендерін алып та, шалып та жықты. Финалда талдықорғандық Рүстем Мырзағалиевтан мерейі үстем болған Ғалымжан бесінші мәрте чемпиондық атақты иеленді. Ақтөбелік Айдар Балданбаев пен пен атыраулық Болат Сакаев қола медальдарды еншіледі.

92 кило салмақ дәрежесінде маңғыстаулық Елхан Асадовтың асығы алшысынан түсті. Финалда ол Нұр-Сұлтанның балуаны Ералы Абдрашевтен айласын асырды. Үшінші орында – өскемендік Шәмил Магамадов пен елордалық Нұрғали Нұрғайыпұлы.  

ттпр

125 кило салмақта павлодарлық Дәулет Шабанбай, шығысқазақстандық Олег Болтин, қарағандылық Ермұхамбет Іңкәр және ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев сынды алыптар болды. Олардың барлығы да аса ірі халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген дүлдүлдер. Солардың арасынан Дәулет пен Олег озып шықты. 37 жастағы Шабанбайдың кезінде Олимпиадада қола медальді иеленіп, Азия ойындарында бір рет және құрлық біріншілігінде бес рет жүлдегерлер санатынан көрінгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Болтин одан он жас кіші. Бұл тартыс жас жолбарыстың пайдасына шешілді. Нәтижесінде Олег Болтин – алтын, Дәулет Шабанбай – күміс, ал Юсуп Батырмұрзаев пен түркістандық Бақдәулет Өсербай – қола медальдарды мойындарына ілді.