Оқиға • 23 Қараша, 2020

Маңғыстау әкімі "Бозжыра" қонақүйіне қатысты пікір айтты

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Бозжыра" қоғам мен мамандардың ой-пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Маңғыстау әкімі "Бозжыра" қонақүйіне қатысты пікір айтты

Өңір басшысы коронавирус пандемиясы – әлемде туристік саладағы жағдайдың күрделенуіне қарамастан, ішкі туризмнің өсуіне айтарлықтай ықпал еткенін айтты.

"Биыл теңіз жағалауында бес жұлдызды қонақүйдің ашылуымен, өңірге келген туристер санының артқанын байқап отырмыз. Келген саяхаттаушылар Маңғыстаудың табиғи жерлерін де аралап, әсіресе Бозжыра шатқалына қызығушылық танытуда. Бозжыраға тек тамыз-қазан аралығында 2 мыңға жуық адам барған. Келер жылы бұл сан 5 есе өседі деген болжам бар. Туристердің қорыққа бейберекет барып, өздігінше жүруі – табиғатқа орасан зиян келтіруде. Сондықтан Бозжыраға баратын жол салып, туристердің жайлы демалуына жағдай жасауымыз керек. Президент те осы жағдайға байланысты пікірін білдіріп, экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы тапсырғандай, бұл жоба сарапшылардың, қоғамдық кеңестер мен жауапты сала жетекшілерінің ой-пікірлері ескеріле отырып жүзеге асырылады", деді С.Трұмов.

Бозжыра аумағында сафари-отель салу идеясын Rixos қонақүй кешенін іске қосқан инвесторлар ұсынған. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Инвестор Бозжырадағы қонақүйді шатқалдан 2 шақырым жерде салуды ұсынып отыр. Жобасы дайын болған соң қоғам талқысына ұсынылады.

"Біле білсек, бұл – бізге беріліп тұрған зор мүмкіндік. Ірі инвестор ел туризмін дамытуға мол қаржы құйғалы отыр. Мұнайға ғана тәуелді – болу болашақ үшін қауіпті. Көп елдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай туризмді дамыту арқылы, экономикамызды өркендете аламыз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуына жол ашамыз. Құрметті азаматтар, журналистер, мен де өз елімнің патриотымын, туған жерімнің жанашырымын. Азаматтарымыз табыс тауып, жағдайын жақсартып жатса – қуанамын", деді Маңғыстау облысының әкімі.