Медицина • 23 Қараша, 2020

Елорда дәрігерлері сирек дертке шалдыққан қызға күрделі ота жасады

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында сирек кездесетін ауруға шалдыққан 7 жастағы қызға күрделі ота жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Елорда дәрігерлері сирек дертке шалдыққан қызға күрделі ота жасады

Ауру айтып келмейтіні белгілі. Дегенмен Томиристе 2 патология, яғни протея синдромы мен екі табанының алыптылығы, сондай-ақ ішектің тамырлы бұзылуы қатар үйлесіп келген екен.

"Протея синдромы бұл сирек туа біткен ауру. Ол терінің, сүйектердің, бұлшықеттердің, май тіндерінің, сондай-ақ қан мен лимфа тамырларының шамадан тыс өсуімен сипатталады. Аурудың осы түрі өте сирек кездеседі және әлемде дәл осындай 200 жағдай тіркелген. Бала аяғының мөлшері үлкен, ол дене салмағы мен мөлшерінің жартысын құрайды. Саусағының айналасында созылмалы остеомиелит ошақтары бар", дейді аурухананың Ортопедия және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Ағабек Чинкибаев.

Дәрігердің айтуынша, Томиристе аяқ мөлшерінің ұлғаюынан басқа, ол ішектің лимфоангиоматозымен ауырған. Ішектен жиі қан кету салдарынан ауыр анемияның дамуына алып келген. Соның нәтижесінде оны түзету үшін айына 2-3 рет қан құю қажет болған. Ағымдағы жылдың басында қыз жоспарлы түрде аурухананың Ортопедия және оңалту бөліміне жатқызылған.

Ал №2 балалар ауруханасының хирургтері сәуір айында ішекке ота жасады. Бұл қайта-қайта қан кетуді тоқтатуға мүмкіндік берді. Аталған операциядан кейін балаға жиі қан мен оның компоненттерін құюдың қажеті болмайды. Қазіргі таңда Томиристің денсаулығы жақсарып, салмақ қоса бастапты.

"Құрамында ортопедтер, хирургтар мен анестезиологтар бар мультитәртіптік топ оның сол аяғының табанына реконструктивті отаны сәтті жасап шықты. Алдағы жылы емдеудің 3 кезеңіне өтіп, аяқтары мен ішегіне де бірнеше операция жасау жоспарда бар. Оң аяғына жасалған операциядан кейін баланың денсаулығы одан әрі жақсара түсетіне сеніміміз мол", деп түсіндірді Ағабек Чинкибаев.

Айта кетейік, қыздың анасы ота жасауға қатысқан барлық дәрігерлерге үлкен алғысын жеткізді.