Қоғам • 24 Қараша, 2020

Жер кезегі жылжымай, тіршілік жанданбайды

402 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жылдар бойы жер кезегінде тұрған тұрғындардың үміті әлі де ақталар емес. Өңірдің кейбір аудандарында бұл тұрғыда түрлі жобалар болғанымен, нақты іс жүзінде олардың ешқайсысы да орындалмаған. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, жергілікті жұртшылық заңды жеріне қол жеткізе алмай әуре. Ал жер кезегіне тұрушылардың жыл санап көбейіп келе жатқаны тағы бар.

Жер кезегі жылжымай, тіршілік жанданбайды

 

Жалпы, облыста жер берудің, азамаматтарды жер телімдерімен қамтудың қандай да бір жүйесі бар ма? Бұл ретте облыстық құрылыс бас­қармасының басшысы Жайықбай Шал­даров аймақта тұрғын алқап­тарын инженерлік-коммуникациялық инф­рақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу мақ­сатында қала және аудандардағы жеке тұрғын үй құрылысының 2022 жылға дейінгі «Даму картасы» бекітілгенін жеткізді. «Даму картасына» сәйкес аудандарда анықталған 81 тұрғын үй алқабын инженерлік желілермен қамтамасыз етіп, тарату мүмкіндігі бар болып отыр. Олардың жалпы ауда­ны 7 мың 359 гектарды, яғни барлы­ғы 37 мың 537 жер телімін құрайды.

Ал өңірде жер телімі кезегінде 124 мың 698 азамат тұр екен. Осы орайда облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының тарапынан кезекке тіркелген азаматтардың тізіміне талдау жүргізіліпті. Нәтижесінде, жер алу үшін бір отбасынан бірнеше адамның тіркелгені анықталған. Мәселен, 3 011 отбасынан 9 мың 773 тұрғын, өзге облыстардан 645, ал кезекке қайталанып 439 азамат тіркелген екен. Сондай-ақ қайтыс болуына байланысты 403 адамның тізімдері кезектен алынған.

Бүгінде көпшілік үшін баспана­ның қажеттілігі артуда. Өйткені жыл са­йын ауылдан қалаға көшіп ке­ліп жат­қандар көп. Олар да мемлекет­тен жер телімін алу үшін кезекке тұрып, күнін көреді. Егер осы уақытқа дейін анықталған 81 алқап толық инженерлік-коммуникация­лық инфрақұрылыммен қамтылып, көрсетілген 37 мың 537 жер телімі таратылған жағдайда кезекте 90 мыңға жуық адам қалады екен. Сондықтан да кезекте тұрған көпшілік санының өсуіне байланысты, жеке тұрғын үй құрылысы үшін тағы 13 мың гектарға жуық жаңа тұрғын үй алқаптарын қарастыру қажеттігі туындап отыр. Ал бұл жоспардың іске асуы үшін аудан және қала әкімдіктері жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жа­рам­ды жерлерді елді мекеннің аумағы­на қосып, игерілмей бос жатқан жер­лерді анықтап, оны мемлекетке қай­тару жұмыстарын жандандыру қажет екен.

Жалпы, облыста 2018-2020 жылдар аралығында алқаптарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым­мен қамтамасыз ету бойынша нақты 65 жоба іске асып, 6 107 жер телімі жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін дайындалыпты. Дегенмен көңіл көншітпейтін көрсеткіш көп. Мәселен, Жамбыл, Меркі аудандарында жобалар іске асқанымен, таратылуға дайын болған жер телімдері жоқ болып шыққан. Сон­да аталған аудандарда жер кезе­гін­де тұрған тұрғындар кезегі келген күнде жерді қайдан, кімнен алады деген сауал туындайды. Сол сияқты биыл «Даму картасында» анықталған жоспарға сәйкес Жуалы ауданын­­да – 7, Жамбыл ауданында – 7, Меркі ауданында – 5 және Т.Рысқұлов ауданында 2 жоба іске аспаған. Сондай-ақ келесі жылға жоспарланған 76 жобаның ішінде 59 жоба 2021 жылдың бюджетіне енгізілмеген. Тек 15 жоба ғана бюджеттен қолдау тапқан. Мұның себебін Жайықбай Шалдаров бюджетті қалыптастыру барысында тапсырыс беруші қала және аудандардың әкімдіктері тарапынан жобалау-сметалық құжаттардың да­йын болмағанымен түсіндірді.

Жұмыстарды тиісті басқармалар аудандарға, ал аудандар басқармаларға сілтеп жүргенде, кезекте тұрған 120 мыңнан аса тұрғынды 20 жылда жер телімімен қамти алмау қаупі бар екен. Тұрғындардың бәрінің әлеуметтік жағдайының бірдей емес екенін ескерсек, көпшілігінің кезектегі жерін күтіп отырғанына дау жоқ. Себебі елдің бәрінде үй салу үшін жерді сатып ала салатын қаражат бола бермейді. Ха­лық әкімдікке сеніп отырғанда, әкім­діктің кімге сеніп отырғаны түсінік­сіз.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дей­ді. Көп­шілік тұрғындар үшін бас­­па­на – басты мәселе. Дегенмен елі­міз­де бүгінде баспаналы болуға мүм­кіндіктер қарастырылған. Бірақ бұл мақсатқа тиісті қаражат бөлі­ніп отырғанымен, кейде істің соңы «су аяғы құрдымға» кетіп жатқан­дай болады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың ай­туынша, мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан үй алу үшін кезекте 28 мың 766 адам тұр. Ал еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іс­тері комитетінің жүргізген талдауына сәй­­кес өңірлерде тұрғын үйге кезек­те тұрған адамдар саны бойынша Жам­был облысы 9-орында екен. Жыл басы­нан бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған 543 адам баспанамен қамтамасыз етіліп­ті. Соңғы 3 жыл ішінде 1 428 адам арендалық тұрғын үйге қол жеткізген. Алайда соңғы 3 жылда Меркі, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында ел игілігіне бірде-бір пәтер берілмепті. Бірақ аталған аудандарда тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрған адамдар­дың саны жыл санап көбейіп келеді. Мұн­да да жұрттың жер теліміне кезек­ке тұрып алып, көңілінің күпті болып жүретініндей жағдай қалыптасқан. Бұл күнде Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларында қаңырап бос тұрған үй­лер көп. Алдында аталған тұрғын үй­­лер­дің бірқатар бөлігі жөнделіп, мем­­лекеттік бағдарлама арқылы ел иг­і­­лігіне берілгенімен, кейіннен бұл жұ­мыс­тар да бәсеңдеп қалды. Келе­шек­те кәсіпкерлердің көмегімен болса да атал­ған қалалардағы үйлер қалпына кел­ті­ріліп, пайдалануға берілсе, бұл да жүйелі жұмыстың бір көрінісі болар еді.

Дегенмен осы жылдың соңына дейін облыста 1 686 пәтерлі 36 арен­да­лық тұрғын үйді пайдалануға беру жос­парланған. Сол сияқты «Шаңы­рақ 5-10-20» бағдарламасы аясында бү­гінге дейін облыс бойынша 68 адам­ға 564 млн 200 мың теңге несие бе­ріліп, 84 адамның айлық табыс­тары расталған. Сонымен қатар «Бақыт­ты отбасы» бағдарламасы бо­йын­ша биыл Қазақстанның тұр­ғын үй-құрылыс жинақ банкі 3,4 млрд теңгеге 364 адамның өтінішін қабыл­дап, 343 азаматқа 3,2 млрд теңге несие рә­­сім­деген. Ал «7-20-25» бағ­дар­лама­сы аясында екінші деңгейлі банктерге 293 өтініш түсіп, оның 187-сі қолдау тауып, 175 азаматқа 1,1 млрд теңге не­сие берілген. Мұның бәрі де – ел игі­лігі үшін атқарылып жатқан жұ­мыс. Алайда өңірде жер телімдері мен баспана алу үшін талай жылдан бері табанынан тозып кезекте тұрған тұр­­ғындардың мәселесін билік ескермесе, кім ескереді?! Әрбір азаматтың көкейін­дегі үміт сәулесі – оның бола­шаққа деген айқын сенімі.

 

Жамбыл облысы