«Zhas Project – мен үшін тағдыршешті жоба. Неге десеңіз, мен тұрмысқа шығып, балалы болғандықтан жағдайыма қарай қайырымдылық жасау ісінен шеттеп қалған едім. Енді міне, жобаның көмегімен сүйікті ісіммен қайта табыстым», дейді А.Жантасова.
Осылайша іскер келіншек көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және жалғыз басты зейнеткерлерге көмектесу мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі уақытта Анаргүлдің командасында төрт адам еңбек етеді. Әсіресе ол Zhas Project жобасының тәлімгері Анжела Алванованың қолдауына дән риза. Өзінің жұбайы да қолынан келген көмекті көрсетіп тұрады.
Кәсіпкер келіншек жобаны іске асыру үшін қажырлы еңбек пен табандылықтың керек екенін айтады. «Бұл жерде бүкіл команда сағаттың механизмі сынды жұмыс істейді. Бір млн теңге грантқа кәсіби миксер, тоңазытқыш, үрмелі пеш және барлық қажетті асүй мүкәммалын сатып алдық. Қазірдің өзінде біз шеберлік сабақтарын өткізе бастадық», дейді ол.
Sweet heart кондитерлік студиясындағы курстарда көп балалы аналар, жалғыз басты аналар және ерекше бала тәрбиелеп отырған әйелдер дәріс алады. Ал мұндай санаттағы тізімді қаладағы Октябрь ауданының әкімдігі жіберіп отыратын көрінеді. Бүгінге дейін аталған студияда 18-55 жас аралығындағы 44 әйел курстан өтіп, қолдарына тәттілерді пісіруге және одан пайда табуға мүмкіндік беретін сертификат ұстаған. Енді Sweet heart басшысы алдағы желтоқсан айында «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. «Ондағы қыз балаларды өз бетінше өмір сүруге үйретсек деген ізгі ниетіміз бар. Оларды алдағы өмірге осы бастан дайындау біз үшін маңызды шаруа», дейді кейіпкеріміз.
Sweet heart кондитерлік студиясы тек курстар ұйымдастырумен ғана айналыспайды. Жоба қатысушылары мұқтаж жандарға десерттер мен кондитерлік өнімдерді тегін таратып, қайырымдылық істерге де белсенді түрде атсалысады. Мысалы, таяуда кондитерлер «Добро» пансионатында тұратын елуге жуық қария мен мүгедек жанға чак-чак, торт, пирог, десерттер, қытырлақ тәтті нан, бауырсақ, кептірілген өрік пен күнжіт қосылған тоқаштар сияқты тәтті түрлерінен белі қайысқан үстел әзірлеп, дастарқан жайды. Пансионат әкімшісі Дарья Николаеваның, ондағы қариялардың Sweet heart студиясының қызметкерлеріне, оның білікті басшысына деген ризалығын тілмен жеткізу тіпті де мүмкін емес.
Желтоқсан айында әлеуметтік жоба аяқталып, студия өзін-өзі қамтамасыз етуге көшеді. Ал Арнагүл болса, алдағы уақытта тағы бір өндірістік цех ашуды көздеп жүр. Тіпті, қазірдің өзінде ақылы пісіру курстарын өткізуге деген сұраныс та көптеп түсіп жатқан көрінеді. Сонымен қатар кейтеринг қызметін көрсетуді, мерекелер өткізу үшін мейрамханалармен және түрлі дәмханалармен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату да жоспарда бар.
Sweet heart студиясының іскер жетекшісі Анаргүл Жантасова кондитерлік өнімдердің адам баласына қуаныш пен мерекелік сезім сыйлайтынын жақсы сезінеді. Сол себепті де ол өзінің сүйікті ісін ынта-шынтасымен атқарып, елдің алғысына бөленіп жүр.
ҚАРАҒАНДЫ