Мысалы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Петропавл қаласында орналасқан әскери-техникалық мектебі Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек Қостанай облысына да әскери мамандар даярлайды.
Дәл қазіргі сәтте қос облыстан жиналған 39 жігіт аталған мектепте әскери-білім алып жатыр. Олар келе салысымен жауынгерлік жарғымен танысып, әскери жаттығуларды орындауды үйренді. Қысқа уақыт аралығында түрлі әскери қару-жарақтарды қолданудың әдіс-тәсілдерін меңгерді. Олардың ішінде көп қолданылатын АК-74, РПГ-18 және тағы да басқа қаруларды айтуға болады. Әскерге шақырылушылар күнделікті даярлықтың арқасында арнайы полигонға барып АК-74 автоматынан оқ атып та көрді. Қолдарына алғаш рет автомат алған 7-ші және 8-ші взвод жауынгерлерінің арасында мергендігімен көзге түскендер де бар. Сонымен қатар сарбаздар биологиялық қарудан қорғайтын киім мен жабдықтарды асыну, бірнеше позицияда окоп қазу секілді өзге де жаттығулар бойынша норматив тапсырып жатыр.
Бұл мектеп 1927 жылы Қорғанысқа, авиациялық және химиялық құрылысқа жәрдемдесу қоғамы (Осоавиахим) болып құрылған. Әр кезеңде әртүрлі мамандар даярлауына байланысты мектептің атауында біршама өзгерістер болды. Ал Қазақстан Үкіметінің 2013 жылғы 11 ақпандағы №118 қаулысымен әскери-техникалық мектепті дамытудың жаңа парағы ашылды десе де болады. Осы құжатты басшылыққа ала отырып «ҚР ҚМ ӘТМ»( Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі) РМ ҚК Петропавл филиалы жанынан әскери оқытылған резервтің жеке құрамын даярлау үшін жағдайлар жасала бастады.
Сол уақыттан бері 2600-ден астам адам бастапқы әскери даярлық бағдарламасы бойынша оқытудан өтті және «атқыш» әскери біліктілігін иеленді. Егер өткен жылы филиал әскери даярлықтан өткен 261 адамды резервке шығарса, биыл 360 маман даярлау жоспарланған. Қазіргі әскери даярлық барысында атқыштарды, пулеметшілерді, мергендерді, граната атқыштарды және басқа да мамандарды даярлауға бағытталған. Алдағы уақытта оқу-материалдық базасына байланысты пулеметшілерді оқыту көзделген. Аталмыш әскери-мектептің директоры Қалиолла Сауытбеков қысқа уақыттың ішінде барынша қажетті дүниелерді курсанттарға үйрету – бірінші міндетіміз дегенді айтады.
– 40 күн ішінде әскери билет алу жастар үшін оңтайлы болса, еліміздің Қарулы Күштері қатары үшін де тиімді. Олар резервпен толығады, дейді Қалиолла Сауытбеков.
Мұндағы сарбаздар қатарына түрлі жағдайға байланысты әскери қызметке шақырылмаған 24-тен 35 жасқа дейінгі азаматтар алынады. Әрине, 27 жасқа толған соң әскери билет беріледі. Дегенмен, ондағы «әскери даярлықтан өткен жоқ, әскери ант қабылдамаған» деген сөздер жастардың маңызды қызметтерге орналасуына тұсау болады. Сондықтан да әскери-мектеп 35 жасқа дейінгі азаматтарды да оқытады. Мұндай мектептерде білім алу 263 318 теңге тұрады. Бұл ақша сарбаздарды жазғы және қысқы әскери киімдермен және азық-түлікпен қамтуға арналған. Бұдан бөлек жексенбі күндері моншаға апару секілді қажетті шаралар үшін жұмсалады.
Оқу корпусында сарбаздардың білім алуы үшін талапқа сай жағдай жасалған. Корпус қарамағында казарма, асхана, оқу бөлмелері, жабдықтар, жаттығу алаңы, автодром, спортзал, мұражай бар. Сабақтарды тәжірибелі ұстаздар – запастағы офицерлер Юрий Глумов, Игорь Четверов, Виктор Сироткин, Александр Степанов, Жайлау Шарипов (Ауған соғысының ардагері), Садырбек Туйбаев, Жанат Сарсембаев жүргізеді.
Жауынгерлер арнайы бекітілген тактикалық, өрт сөндіру, инженерлік, әскери-медициналық дайындық, байланыс және әскери топография және тағы да басқа маңызды пәндер бойынша білім алады. Сәйкесінше, сынақ емтихандарына қатысады. Сондай-ақ дене шынықтыру жаттығулары да маңызға ие.
Басты мақсат – ел басына қауіп төне қалғанда қорған болар әскери білімі мен қарым-қабілеті, патриоттық сезімі бар азаматтар қатарын көбейту. Бұл ретте әскери-техникалық мектептердің берер пайдасы орасан. Қазір мұндай мектептер еліміздің 15 қаласында бар.