Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем көліктері жаңартылды

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында орналасқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Қамқорлық» оңалту орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша қолдау көрсетілуде. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Тараз қаласына келіп, аталған орталыққа атбасын бұрды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем көліктері жаңартылды

Ғимаратты аралап көріп, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Венера Балқыбековаға жедел жәрдем көліктерінің кілтін табыс етті. Жалпы, осы уақытқа дейін облыста 65 жедел жәрдем көлігінің тозығы жеткені себепті оларды ауыстыру керектігі айтылып келген болатын. Яғни, өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің 48,8 пайызы жаңартуды қажет ететін. Енді сол олқылықтың орны толып, 18 Hyundai маркалы реаномобиль, 3 УАЗ және JAC

машиналары пайдалануға берілді. Берілген көліктердің бәрі де талапқа сай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

«Жамбыл облысындағы жұмыс сапарымды Қордай ауданынан бастадым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бейбітшілік және келісім жобасы аясындағы күн тәртібінде тұрған мәселелер онда жүз пайыз деңгейде орындалғанын көрдім. Сол жердегі жергілікті және әрбір этнос өкілдерінің азаматтарымен кездесіп, пікірлестім. Коронавирустың әсерінен медицина саласында көптеген қиындықтар туындағанын білесіздер. Ол кезеңді бірліктің арқасында бүкіл ел болып бірге еңсердік. Ондай қиындықтар енді болмасын деп тілейік. Міне, бүгін өңірдің денсаулық саласын ілгерілететіндей материалдық-техникалық базасы жарақтандырылып отыр. Әлемді жайлаған осы індеттің алдын-алу шараларына байланысты нақты тапсырмалар да берілді. Соның біразы жүзеге асырылған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, әрбір облыста арнайы тұрақтылық қорлары құрылған болатын. Жамбыл облысы да бұл істі стандартқа сай орындап отыр», деді вице-премьер.

Сонымен қатар, жедел жәрдем көліктерін жүз пайыз жаңалауға мүмкіндіктің бар екенін айтып, қиын-қыстау кезеңде атқарған жұмыстары үшін дәрігерлерге алғысын білдірді. Ал, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл көмектің ел игілігі үшін екенін айтып, Президент пен Үкіметке алғысын жеткізді.