Әлем • 24 Қараша, 2020

Қазақстан мен Францияның туризм университеттері келісімге қол қойды

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Халықаралық туризм және меймандостық университеті (Түркістан қ., Қазақстан) мен Анжэ университеті (Луара Жерлері өңірі, Франция) арасында ынтымақтастық туралы келісімге онлайн қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан мен Францияның туризм университеттері келісімге қол қойды

Іс-шараға Қазақстанның Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы туризм, шетелдегі француз азаматтары мен франкофония мәселелері бойынша Мемлекеттік хатшы Жан-Батист Лемуан, Франциядағы Қазақстан Елшісі Жан Ғалиев, Луара Жерлері өңірі Префектісінің дипломатиялық кеңесшісі Жан-Ив Ру, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнюра Мырзамадиева, Анжэ университетінің ректоры Кристиан Робледо, сондай-ақ, Анжэ қаласының басшылығы, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары мен елшіліктерінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шараны ашқан Елші Ж. Ғалиев екі ел арасындағы туризм мен білім беру саласындағы ынтымақтастық – стратегиялық серіктестігіміздің басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Вице-министр Ө. Бисақаев Қазақстанның туристік саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – сала мамандарын даярлау болып табылатынын хабарлады. Осы орайда, жоғары білікті кадрларды дайындаудың жеті ғасырлық тарихы бар Анжэ университетінің тәжірибесі Түркістандағы жаңа оқу орны үшін өте маңызды болып табылады.

Өз кезегінде, Ж. Лемуан Елшіге көтерген бастамасы үшін алғысын білдіріп, қол қойылған Келісім екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің одан әрі жақындасып, кеңеюіне ықпал ететініне сенім білдірді.

Келісімге халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры - басқарма төрайымы М. Мырзамадиева мен Анжэ университетінің ректоры К. Робледо қол қойды.

Құжат білім беру, тәжірибе алмасу және зерттеулер жүргізу мақсатында студенттермен, профессорлық-оқытушылық құраммен алмасуды, сондай-ақ туризм индустриясы мен қонақжайлылықты дамыту саласында бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізуді көздейді. Болашақ мамандар үшін тілдік курстар өткізу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында «орталықсыздандырылған серіктестік» аясында қарқынды дамып келе жатқан екі аймақ – Түркістан облысы мен Луара Жерлері – арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымын талқылау туралы уағдаластық қайта расталды.