Әлем • 25 Қараша, 2020

Босниядағы соғыс пен бейбітшілік

450 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемде қараша айындағы басты оқиғаның бірі – АҚШ-тағы президенттік сайлау екені анық. Мұхиттың арғы бетіндегі дауыс беру кезінде Джо Байден жеңіске жетті. Енді ол алдағы қаңтардан бастап Ақ үйдің қожа­сына айналады. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы мәселе кеңінен талқыланады.

НАТО-ның Бас хатшысы лауазымын атқарған Хавьер Солана өз мақаласында Байденнің сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы әңгіме қозғайды. Оның пайымдауынша, Байденнің сайлауда жеңіске жетуі АҚШ үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін де жақсы жаңалық. Өйткені жаңа президент бұған дейін Трамп әкімшілігі кезінде жіберілген қателіктерді түзетіп, жаһандық мәселеге мол үлес қосады деп есептейді.

Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Билдт өз мақаласында Босниядағы мәселе төңірегінде ой қозғайды. Аталған елдегі қарулы қақтығысты аяқтау жөніндегі Дейтон келісіміне қол қойылған кезде мақала авторы келіссөздерге белсене араласқан болатын. Осылайша, К.Билдт өзінің бастан өткізген оқиғаларымен бөлісе отыра, бейбітшілікті сақтаудың маңызына тоқталады.

Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау ісіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетіп отыр.

 

Босниядағы соғыс пен бейбітшілік

СТОКГОЛЬМ – Осыдан 25 жыл бұрын, Огайодағы АҚШ Әуе күштері базасында Дейтон келісіміне қол қойылып, Еуропа құрлығындағы 1945 жылдан бері жалғасқан қанқұйлы соғыс аяқталды. Босниядағы үш жарым жылға созылған соғыс 100 мыңнан астам адамның өмірін жалмап, бүкіл елді талқандап, миллиондаған тұрғынның үйлерін тастап, босып кетуіне әкелді.  

«Бәлкім, бұл әділетсіз бейбіт­шілік шығар, бірақ бұл соғысты жал­ғастырғаннан жақсы. Қазір­гідей жағдайда, осындай алма­ғайып әлемде бұдан тиімді бей­біт келісімге қол қою мүмкін емес», деп мәлімдеді босниялық мұсылмандардың көшбасшысы Алия Изетбегович.

Дәл солай. Еуропалық одақ төрағалығымен өткен, Дейтонда 21 күнге созылған бейбітшілік жөніндегі келісімнің құрамында америкалық және ресейлік келіс­сөзді жүргізушілер Ричард Хол­брук және Игорь Ивановпен бірге оның кемшілігі мен артық­шы­­лығын бастан өткердім. Кейін­­нен бірнеше жыл Сараевода сол келі­сімнің алғашқы қадам­дарының басы-қасын­да жүрдім. Бейбітшілік орнату­дан соғыс ашудың өте оңай еке­нін анық ұғындым. Босния­дағы қақ­тығыс осы бір тарихи шын­дық­тың өміршеңдігін дәлелдеп берді. Югославия 1991 жылы құлды­рай бастағанда солтүстікте Сло­венияда (жалпылама) және оң­түс­тікте Македонияда қан­құй­лы шие­леністің болатынынан аз ғана адам күдіктенді.

Дейтон келісіміне қайта орал­сақ. Бұл соған дейінгі уақытта ха­лық­аралық аренадағы негізгі ойыншылар әр кездері ұсынған бейбітшілік туралы жоспардың бәрін қамтыған құжатқа айналды. 1995 жылғы қарашада құжатқа қол қойылуына негізгі ха­лық­ара­лық ойыншылар – Еуропалық одақ, АҚШ және Ресейдің ақы­рын­да ортақ мәмілеге келуі әсер етті. Бұған дейін бір тарап екінші тарап­тың жоспарына келіспей, жақ­сы­рақ келісімге қол жеткізуді көз­деп, қақтығыс созыла берген еді.

Соғыстан кейін бұрын бір-бірін жау санағандар бейбітшілік орнатуы тиіс. Бірақ толықтай бір тарап жеңілмеген жағдайда  бейбітшілік келісімі негізінен мәмілеге арқа сүйейді. Әрі мәмілені ұзаққа жет­кізу бір тарап барынша ұтып, ке­ле­сісі ұтылуына жол бермейтін, бәрін қанағаттандыратындай дең­­гейде жүргізілгенде ғана мүм­кін болады. Сондықтан осындай келі­сім­нен кейін болашақты бол­жауға құлшыныс бәсеңдеп қалады.

Боснияда мылтық дауысы өш­кен­нен кейін соғыстан зардап шек­кен елді қалпына келтіруге арнал­ған маңызды жұмыс бастал­ды. Ай­мақта үш армия, үш валю­та, үш жартылай мемлекет бар еді. Олар­дың екеуі әлде­қашан бір-бірімен қырғи-қабақ болып үлгерген-ді. Содан кейінгі он жылдықта Босния Еуропалық одақтың қаражатымен қалпы­на (физикалық тұрғыда) кел­ді. Осылайша, оқ дауысы бәсеңде­ме­ген Сараевода енді соғыстың іздері ғана қалды.

Осымен соңы бақытты аяқта­латын оқиға бітеді. Бірақ саяси қайта құру мен мәміле өте күрделі. Бұл процесс жан ауыртарлық­тай баяу жүрді. Себебі көптеген босниялық көш­басшы ұзақ уақыт бойы  бей­біт­шілік келісімді соғыс­тың басқаша жалғасуы деп түсінді. Халық­аралық қоғамдастық жап­пай және барынша күш сал­ғанына қарамастан, өңірдің түк­пір-түкпірінде қақтығыстың суық ызғары есіп тұрды.

Боснияның Дейтон келісімі­нен кейін қабылданған жаңа конс­­титуциясы сол кездің кел­­­бетін көрсетеді. Яғни ол «жаңа Еуро­па­дан» гөрі, «ес­кі Юго­сла­вия­ға» көбірек ұқ­сай­тын. Онда ын­ты­мақтас­тық­қа басым­дық бері­ліп, ықпалдас­тық­ты терең­детіп, бұрынғы конституция­ны жою көзделді. Бірақ жетістік­ке шектеу қойылған жоқ. Болашақ­тың іргетасын қалау босниялық­тардың өздеріне табысталды.

Босниялық көшбасшылар­дың ықтимал мүмкіндіктерді, ұсы­ныс­тарды тиімді пайдалана алмауы – сол кездегі негізгі трагедия. 2003 жылдан бері Еуропа­лық одақ Балқан түбегі елдеріне есігі ашық екенін мәлімдеп келе­ді. Сондай-ақ мүшелікке өту­ге керек­ті қадамдар жасауға да қол­ұшын созып отыр. Косовоны есеп­ке алмағанда, Босния басқа да Балқан түбегі елдерімен бірге Еуропалық одаққа кіретіндер тізімінің соңында тұр.

Еуропалық одақ аймақтағы мәселені шешуде қаншалықты белсенділік танытқанын сұрауы мүмкін. Еуропалық көшбасшылар өңірдегі бөлшектенуге қарсы тұратын негізгі күш ЕО-ның ық­пал­дастығы екенін мойындаса да, шындығында Балқан түбегі Еуропаның күн тәртібіндегі мә­се­­лелер тізімінен түсіп қалды.

Дегенмен, Еуропалық одақ кейінгі 25 жылда Боснияда шағын әскери база ұстап келді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің нақты мандатын иеленген бұл қадам – өңір­де соғыс жүргізуге халықаралық қоғамдастық төзбейтінін анық аңғартатыны белгі. Оған қоса, Босния мен басқа да Балқан түбе­гі елдерінің егемендігі мен тұтас­­тығын тең дәрежеде мойындауды халықаралық қоғамдастық өз мой­нына алған. Картаны қайта сызу дәуірі аяқталды. Ендеше, Боснияда реформа жасап, бұдан кейінгі тағдырын шешу бос­ния­лықтардың өздеріне тиесілі.

Қуанышқа орай, жас ұрпақ соғысты тарихтың еншісіне қал­дырып, бейбітшілікті осы қал­пында қабылдауға және келе­шек­­тің іргетасын бірге қалау мүм­­кін­­дігін пайдалануға дайын. Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясында сөй­леген сөзінде Босния және Герце­говинаның мемлекет басшысы Шефик Джаферович былай деді:

«Босния мен Герцеговинада бейбітшілікті және Бейбітшілік келісімін сақтап қалудың маңы­зы ерекше, оны ештеңемен алмас­ты­ру­ға болмайтыны туралы ор­тақ пікір бар. Сондықтан келешек­те Босния мен Герцеговина қоғамы тарихи бағытының жаңа кезеңіне қадам басқан шақта дамуға қатысты мәселелерде одан әрі біріге түседі деген үміт басым».

Басқалар секілді мен де осыдан үміттенемін. Боснияның ұзақ­қа со­зылған дастанынан ала­тын сабақ мол. Соғысты бол­­дыр­­­мауға қарсы тұра ал­ма­ға­ны­­­мыз, оған жол берген трансат­лант­­тық бөліну, халық­аралық инс­ти­туттардың маңы­зы, бөл­шек­тенумен ықпалдастық ар­қылы күресу туралы ой қоз­ғауды жалғастыра беруіміз қажет.

Бірақ тарихтан сабақ алған мына екі мәселені ұмытпау керек: соғысты тоқтатудан гөрі бастау өте оңай және мылтық дауысын шығармау бейбітшілікке жасалған алғашқы қадам.

 

Карл БИЛДТ,

Швецияның бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі. Ол Еуропалық одақтың бұрынғы Югославиядағы арнайы елшісі, Дейтон бейбітшілік конференциясына төрағалық етіп, Босния мен Герцеговинадағы жоғары деңгейлі өкілі (1995-1997), БҰҰ-ның Балқан түбегіндегі арнайы елшісі (1999-2001) қызметін атқарды

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org