Парламент • 25 Қараша, 2020

Астық қорларын сақтау – маңызды мәселе

162 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен аталған Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған заң жобалары мақұлданды.

Астық қорларын сақтау – маңызды мәселе

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған құжаттар

Депутаттар бастамашы болған «Астық туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде елді азық-түлік астығымен кепілді түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәртебесі мен рөлін заңнамалық тұрғыдан айқындау мақсатында әзірленді.

Құжатқа енгізілетін түзетулерде ас­тық­тың тұрақты жұмыс істейтін резерв қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету деңгейін арттыру, соның нәтижесі ретінде ішкі астық нарығын тұрақ­тандыруға мүмкіндік беру қарас­тырылған. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Сергей Звольскийдің айтуын­ша, астықтың резерв қорын сақтауға республикалық бюджеттен шамамен 2,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат керек.

Бұдан басқа, заң жобасында ұсыны­лып отырған жаңалықтар мал шаруа­шылығы мен құс шаруашылығы салаларына арналған жем-шөп базасын дамытуға, сондай-ақ тұқымдық және жемдік қорларды қалыптастыру арқылы жоғары сапалы тұқымдар өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жиын барысында сөз сөйлеп, «Астық туралы» заң жобасының маңызы туралы айтып берді.

– Соңғы кезде пандемияға байланысты көптеген мемлекеттер шектеу режімдерін енгізді. Сауда-экономикалық байланыстар азайды. Бұл жағдай, әрине азық-түлік мәселесіне де әсер етеді. Ал астық мәселесі – бірінші кезектегі әлеу­­меттік мәселе. Сондықтан осы заң жо­ба­сында қаралған астық қорларын сақ­тауды мемлекеттік қамтамасыз ету, осы саладағы оператордың мәртебесін анық­тау туралы нормалар өте маңыз­ды, бүгін өте керек, – деді Н.Нығматулин.

Сонымен қатар отырыста депутаттар ветеринария мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаты Роман Кимнің айтуынша, заң жобасымен екі заңнамалық актіге – «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске және «Ветеринария туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Заң жобасы арқылы ветеринарлық паспортты электронды форматта беру бо­йын­ша мемлекеттік қызмет көрсету мүм­кін­дігі іске асырылады. Көрсетілетін қыз­метті автоматтандыру бұрын қағаз фор­матта дайындауға жіберілетін бюджет қа­ра­жатын үнемдеуге мүмкіндік береді, адами фактордың әсерін жояды, осы құ­ж­атты беруді жеңілдетеді және алуды тездетеді.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың алғы­шарттарын барынша азайту мақ­сатында заң жобасында мемлекеттік ветерина­р­лық-санитарлық инспекторларға мем­лекеттік ветеринарлық-санитарлық бақы­лау және қадағалау жүргізу кезін­де фото және бейнетүсірілімді жүзе­ге асыруға, сондай-ақ техникалық құ­рал­дарды (жабдықтарды, аспаптарды, өлшеу құралдарын, құрылғылар мен құралдарды) пайдалануға құқық беру ұсынылуда. Бұдан басқа, кеден заңнамасына өзгерістер көзделіп отыр.

Соған сәйкес Еуразиялық экономи­калық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын кеден органдары мен мемле­кеттік ветеринарлық-санитар­лық инс­пекторлар мен өсімдіктер каран­тині жөніндегі мемлекеттік инспек­тор­лар­дың өзара іс-қимыл жасау тәртібі қар­жы және ауыл шаруашылығы салалары министрлерінің бірлескен актісі арқылы айқындалады.

Агроөнеркәсібін дамытуға бағыттал­ған заң жобаларының қатарында «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Рес­пуб­­ликасы заңының күші жойылды деп тану және Қазақстан Республикасының кей­бір заң­намалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқы­лым­да мақұлданды.

Заң қолданыста болған 13 жыл ішінде мақта қолхатын мақта өңдеу ұйымдары бірде-бір рет бермеген әрі банктер кепіл­дік қамтамасыз ету ретінде бірде-бір рет қабылдамаған. Осы себептен заңнамада көзделген мақта қолхаттарын қамтамасыз ету жөніндегі жүйе саланың субъектілері арасындағы кедергі келтіріп отыр. Ал бұл өз кезегінде саладан инвестициялар мен ақша қаражатының кетуіне және оның барлық негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне алып келеді.

Саланың тоқырауын туғызатын проб­лемалар мақта өсірушілердің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен Парламент депутаттарының қатысуымен әртүрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Барлық дерлік мүдделі тараптар саланың тартымды болмауы оның шамадан тыс әрі тиімсіз реттелуінен туын­дап отыр деген пікірге тоқтады.

Осыған байланысты, саладағы проб­лемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу мақсатында Парламент депутаттары осы заң жобасын әзірледі. Онда бір мезгілде қолданыстағы заңнаманың нормаларына тиісті өзгерістер енгізе отырып, салалық заңның күшін жою арқылы мақта қолхаттары жүйесін қайта реттеу ұсынылады. Сонымен қатар мақта қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталады.

 

Індетпен күресуге қажет қаражат

Бұдан бөлек, жалпы отырыста депу­тат­тар бірқатар ратификациялық заң жо­ба­ларын мақұлдады. Олар – Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз тура­лы келісімдер (COVID-19-ға қарсы кү­рес жөніндегі белсенді шаралар мен шы­ғыс­тарды қолдау бағдарламасы). Атал­ған құжат жөнінде баяндама жасаған Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаевтың ай­туын­ша, Президенттің 2020 жылғы 13 та­мыз­дағы Жарлығына сәйкес, Азия Даму банкінен 908 млн 596 мың еуро қарыз алынады.

– Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тап­шы­лығын қаржыландыруға бағытта­лады. Бұл Қазақстан Республикасы Үкі­меті­нің Covid-19 пандемиясының салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді.

Өтеу мерзіміне қатысты қарыз екі бөлік­ке бөлінген. Қарыздың бір бөлігі – 454 млн 298 мың еуро, яғни жартысы 3 жыл­дық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Қалған 454 млн 298 мың еуро сомасындағы екінші жар­тысы 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алған­да, 5 жыл мерзімге беріледі, – деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшының сөзіне сүйенсек, қа­рыз­ды өтеу республикалық бюджет қа­ра­­жаты есебiнен жүзеге асырылмақ. Көр­сетілген қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында аса қажет.

Жалпы отырыста «Қазақстан Респуб­ли­­ка­сы мен Азия Инфрақұрылым­дық Ин­вес­тициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қар­сы кү­рес жөніндегі белсенді іс-шара­лар мен шы­ғыстарды қолдау бағдар­ла­ма­сы) ра­ти­фикациялау туралы» Қазақ­стан Рес­публикасы заңының жобасы талқыланды.

Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың сөзіне қарағанда, Президенттің 2020 жылғы 13 тамыздағы Жарлығына сәйкес, Қазақ­стан Республикасы мен Азия Инф­ра­құрылымдық Инвестициялар Банкі ара­сын­дағы Қарыз туралы келісімге қол қойылған. Оның сомасы 661 млн 800 мың еуроны құрайды.

– Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағыт­тал­а­ды. Яғни Covid-19 пандемиясы­ның сал­дарына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің іс-шараларын қол­д­ауға мүмкіндік береді. Қарыз 3 жыл­дық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы мөл­­шер­лемесі ‒ Еурибор+0,50%.

Келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес қарызға қызмет көрсету­ді және оны өтеуді республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырыла­ды. Көрсетілген қаражатты тарту бюд­жеттің бекітілген тапшылығы жағ­дайында өте маңызды. Бұл қаражат Азия Инфрақұ­рылым­дық Инвестициялар Банкінің пан­демияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы үшін 2020 жылға резервтелген, – деді Е.Жамаубаев.

Сондай-ақ ратификацияланған құжат­тар қатарында Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекет­тер­дің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік ба­қы­лаудың тәртібі туралы келісімге өз­ге­рістер енгізу туралы хаттама бар.

Аталған құжат жөнінде де Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуын­ша, заң жобасын ратификациялау тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау тәртібіне тұжырымдамалық өзгерістер енгізуді көздемейді. Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ын­тымақтастықты кеңейтуге және терең­дету­ге, ықпалдасуға және өзара көмек көрсетуге бағытталған.

– Хаттамаға 2019 жылғы 31 мамыр­да Ашхабад қаласында Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығына қатысушы мемле­кет­тердің премьер-министрлері қол қой­ды. 2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петер­бургте Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғы­на қатысушы мемлекеттердің жаңа Ер­кін сауда аймағы туралы шартқа қол қойылғаннан кейін заң жобасын әзірлеу қажеттігі туындады. Оның күшіне енуіне байланысты бірқатар халықаралық шарттар, оның ішінде 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келі­сім тоқтатылды. Сондықтан жоғарыда көрсетілген Шартқа сәйкес келтіру мақ­сатында Қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімнің кіріспесіне өзгеріс енгізіледі.

Екіншіден, жоғарыда көрсетілген Шарт­қа сәйкес келтіру және бірыңғай «Тәуел­­сіз Мемлекеттер Достастығында тауар­­лар­дың шығарылған елін айқындау ереже­сін» белгілеу мақсатында Келісім­нің 2-бабы 2009 жылғы 20 қарашадағы атауы осындай Ережеге сілтемемен то­лық­тырылды.

Үшіншіден, Келісімнің 6-бабы жаңа редакцияда жазылды. Оның мәні – қажет болған жағдайда Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығына қатысушы мемлекет өт­кізу пункттерінде бірлескен кедендік ба­қы­­лау­ды және кедендік операциялар­ды жүзеге асыру үшін жағдай жасап береді. Бұл та­уар­лардың өтуін жеделде­туге мүм­кін­дік береді және кеден органдардың бақы­лау уақытын қысқартады, – деді министр.

 

Сенат енгізген түзету қабылданды

Жалпы отырыста Мәжіліс екінші оқы­лымда «Қазақстан Республикасының Үкі­меті туралы» және Мемлекет басшысы­ның Жолдауында жекелеген ережелерін іске асыру мәселесіне қатысты заң жобаларын мақұлдады.

Осы құжаттар туралы баяндама жаса­ған депутат Снежанна Имашева­ның ай­туынша, заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға бағытталған.

– Заң жобасында лауазымдары қыс­қар­тылатын жауапты хатшылардың мін­­­дет­терін аппарат басшыларына жүк­теу; бас бостандығынан айыру мер­зім­дерін ұлғайтуды, жазаны өтеу ре­жімін кү­шейтуді, заңда көзделгеннен анағұр­лым жеңіл жазаны қолдану құқығын, сон­дай-ақ жазаны өтеу кезеңінде оны жеңілдету құқығын алып тастауды және басқа­ларын қоса алғанда, кәмелетке тол­мағандарға қатысты сексуалдық сипат­тағы қылмыстар үшін жазаны қа­таң­дату; квазимемлекеттік сектор қыз­мет­кер­лерінде қос азаматтық анықталған кезде оларға қатысты шара қолдану; сұйы­тылған мұнай газы саудасын электронды сауда алаңдарына көшіру мер­зім­­дерін ұзарту ұсынылады. Заң жоба­­сын талқылау кезінде депутаттар құ­қық­­тық коллизияларды болғызбауға бағыт­­талған бірқатар өзгерістер мен толық­­тырулар енгізді. Сонымен қатар заң жо­басының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының заңна­ма­сы­на сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша редак­­циялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді, – деді С.Имашева.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, Мәжіліс комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берген. Осыларды ескере келе, С.Имашева заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуді ұсынды.

Сондай-ақ депутаттар Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұл­ға­лар­ды мемлекеттік тіркеу және Эконо­микалық өсуді қалпына келтіру мен Орта­лық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды суб­си­диялау жөніндегі өкілеттіктердің ара­жігін ажырату мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұл­дады. Сонымен қатар Қылмыстық және Қыл­мыстық-процестік кодекстеріне қыл­мы­стық процесте азаматтардың құқық­тарын қорғауды күшейту және Кедендік реттеу туралы заң жобалары да екінші оқы­лымда мақұлданды.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Салық кодексі мен «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.

Осы құжатқа қатысты баяндама жа­саған Мәжіліс депутаты Татьяна Яков­лева Сенат заң жобасына 39 түзету енгіз­генін атап өтті. Түзетулер заң жоба­сының мәті­ніне енгізілетін өзгерістер мен толық­­ты­руларға (3 түзету) және респуб­лика­­лық бюджеттің шығыс бөлігі­не енгізіл­ген өзгерістерге (36 түзету) байланыс­ты. Мәжіліс депутаттары аталған толық­тыру­ларды қолдады.

– Сенат енгізген түзетулер 2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін өзгерт­пейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті «2021 – 2023 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы» заң жобасы­на Парламент Сенаты енгізген өзгерістер­мен және толықтырулармен келісуді ұсынады, – деді Т. Яковлева.

Сондай-ақ Палата «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде бейінді комитеттің ұсынысымен келісті.

Жалпы отырыста Мәжіліс «Өлім жаза­сының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халық­аралық пактіге екінші Факуль­тативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетіне жаңа ратификациялық заң жобасы бойынша қорытынды дайындау мерзімін тағайындады.

– Өлім жазасының күшін жоюға бағыт­тал­ған Азаматтық және саяси құ­қық­тар туралы халықаралық пакті­нің екін­ші Факультативтік хаттамасына Қазақ­­стан Республикасының ескерт­песі­­мен 2020 жылғы 23 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған. Хат­тама елімізде өлім жазасын жою жөнін­дегі халықаралық міндеттемелерді қабыл­дауына бағытталған. Мәжілістің Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­теті заң жобасы бойынша 2021 жыл­дың 23 маусымға дейінгі мерзімде қоры­тынды әзірлеуге дайын, – деді осы мәселе жөнінде баяндама жасаған депутат Мұхтар Ерман.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына өз сауалдарын жолдады.