Ерлер арасындағы 67 кг салмақта 2019 жылы Таиландта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон (Алматы облысы) қоссайыста 301 (136+165) кг-ны еңсеріп, ел чемпионы атанды. Екінші орынды 269 (120+149) кг зілтемірді көтерген Қостанай облысының өкілі Алексей Чуркин иеленсе, үздік үштікті Қызылорда облысының спортшысы Айдос Тұрсынбай түйіндеді. Ол 265 (120+145) кг-ны еңсерді.
Ал қыздар арасындағы 64 кг салмақта Гүлнұр Ыбрай (Алматы облысы) алдына жан салмады. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 197 кг (87+110) салмақты еңсеріп, ел чемпионы атанды. Күміс пен қола жүлделерді Қызылорда облысының өкілдері Нұрай Құрманбай (177 кг) мен Русалина Муликова (139 кг) иеленді. 71 кг салмақта Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева қарсылас шақ келтірмеді. Алматы облысының спортшысы қоссайыста 225 (105+120) кг-ны бағындырды. Екінші орынды Аиша Омарова (208), үшінші орынды Дарья Павлова (207) еншіледі.