Оңтүстік Қазақстан • 25 Қараша, 2020

Шымкентте Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды

936 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үшінші мегаполисте шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды. Осынау ескерткіштің орнатылуына заңгер Бекет Тұрғараев бастаған бастамашыл топ мұрындық болған. Нобайын жасап, орнатқан шымкенттік мүсінші Әбдікәрім Ахметов болса,  кәсіпкер Амангелді Мақашов демеушілік көрсеткен, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды

Сүгір Әліұлының ескерткішін Шымкент қаласына орнатуға ұсыныс берген бастамашыл топтың шешімін қала әкімі Мұрат Әйтенов қолдаған. А.Байтұрсынов көшесінің бойынан орнатуға шешім қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументті ескерткіштерді орнату комиссиясына ұсыныс берілген. Комиссияның қолдау шешімін алған соң, ескерткіш өз тұғырына қондырылып отыр. Киелі домбыраны жан-тәнімен ұғып, өміріне арқау еткен даланың дарабоз күйшілерінің бірі – Сүгір Әліұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және зиялы қауым өкілдері қатысты.

"Сүгір бабамызға қаламыздың әдемі жерінен ескерткіш қойылды. Бұл тек күйші Сүгірге емес, қазақ өнеріне қойылған ескерткіштің бірі деп айтсақ артық емес. Бабамыздың бұл ескерткіші барша өнерсүйер қауым мен тыңдармандар үшін, оның ішінде Шымкенттің тұрғындары үшін үлкен мақтаныш деп айтуға болады. Ұлы даламызда есімі елге белгілі үш Сүгір болса, оның бірі қазыналы Қаратаудың құшағындағы Созақтың ұланы Сүгір Әліұлы еді. Оның өмірге әкелген "Телқоңыр", "Бозінген" атты әйгілі күйлері Созақ халқының тұрмыс-тіршілігін байқатады. Бұдан бөлек, "Қаратау шертпелері" атты циклді шығармалары тыңдаған жанның бойына қуат, жүрегіне шуақ береді. Бірегей туындылар ғана тыңдарманның жүрегін жаулай алатынын тағы да жан-тәнімізбен сезініп, жүрегімізбен мойындаймыз. С.Әліұлы қайталанбайтын туындыларынан бөлек, үздік шәкірттерге де бай", деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

1961 жылы Созақ жерінде қайтыс болып, Қарабура әулие жатқан қорымға жерленіп, кесенесі тұрғызылған Сүгір Әліұлын мәңгілік есте сақтау бағытында  өңірде біршама жұмыстар атқарылған. Мысалы, Созақта батырлар аллеясына ескерткіш мүсіні қойылған, аудандағы орта мектеп Сүгірдің атымен аталады. Ал Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның жанындағы оркестрге Сүгір аты берілген. Жиында сөз алған Бекет Тұрғараев осы тақылеттес жұмыстар жалғасын табатынын айтты.