Қоғам • 25 Қараша, 2020

Өңірлік медицинаға көмек ретінде 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шалғай аудандардың тұрғындарын бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету үшін өңірлердегі медициналық ұйымдарға 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізіле бастады. Кешендерді облыстарға табыстау шаралары қараша айының соңында толықтай аяқталады, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлік медицинаға көмек ретінде 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді

Медициналық кешендер көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын тексерудің кең спектріне арналған. Диагностикалық кешен 7 кабинеттен тұрады: жалпы қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибелік дәрігер аймағы, талдауларды қабылдау аймағы, дәріхана пункті, функционалдық диагностика кабинеті, акушер-гинеколог кабинеті, сондай-ақ сәулелік диагностика кабинеті бар. Сонымен қатар, мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылған, онда рентген және флюорографияны қауіпсіз жасауға болады. 

Кабинеттер компьютер, еден таразысы, отоскоп, офтальмоскоп, биохимиялық анализатор, гематологиялық анализатор, коагулограф, лейкоциттер есептегіші, ЭКГ, УДЗ, глюкометр сияқты заманауи цифрлық жабдықтармен жабдықталған.

Медициналық кешеннің тағы бір ерекшелігі – автономдық жүйе, автобуста 16 Кв (Киловат) генератор орнатылған, ол қалалық электр желісінен де жұмыс істей алады. Толық термооқшаулау және антиковид жүйесі қауіпсіз жұмыс істеу үшін оңтайлы жағдай жасайды. Ал автоматтандырылған пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау үшін ыңғайлы.

Жылжымалы медициналық кешендер Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық кәсіпорындарда жасалды.

Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жол картасы аясында "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ лизингтік қаржыландыру тетігі есебінен елімізде осы жылы барлығы 1167 санитарлық автокөлікті жаңарту жоспарланған.

Бағдарламаны іске асыру үшін отандық өндірушілер: "СарыарқаАвтоПром" ЖШС, "СемАЗ" ЖШС және "Hyundai Trans Auto" ЖШС тартылды, олар Jac Sunrey, ГАЗель NEXT және Hyundai h350 отандық өндіріс базасында автомобильдерді жеткізуді жүзеге асырады.

Сонымен қатар "Самұрық-Қазына "Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ және Kaspi банкінің арнайы тапсырыстары бойынша ағымдағы жылы Денсаулық сақтау министрлігіне Қостанай "СарыарқаАвтоПром" зауытынан Chevrolet Damas базасында 200 бірлік санитариялық машина берілді.