Аймақтар • 25 Қараша, 2020

Қызылордалық кәсіпкер 400 орындық жатақхана салды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордалық кәсіпкер Сағи Cүйеніш "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 400 орынға есептелген студенттік жатақхана салды. Бағдарлама шеңберінде алынған кредит 210 млн теңге, деп хабарлайды Egemen.kz Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылордалық кәсіпкер 400 орындық жатақхана салды

Заманауи талаптарға сай салынған Студенттер үйінің әр бөлмесінде санитарлық торап, жуынатын бөлме бар. Бір бөлімде екі жатын бөлме бар. Әрқайсысында 4 адам орналасады. Сонымен қатар, газ плита, тоңазытқыш, ас үй үстелімен жабдықталған тамақ дайындауға арналған арнайы бөлме бар. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету, теледидар көру, кір жуу, үтіктеу бөлмелері бар.

"Жатақхана құрылысының негізгі мақсаты – басқа қалалар мен аудандардан келген студенттердің тұруы үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау. Мен бұл жобаны 2018 жылы Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасының қолдауымен бастадым. Үлкен асханадан басқа жатақхананың әр қабатында шағын асхана бөлмелері бар. Сондай-ақ студенттер өздерінің бос уақытын төменгі қабатта орналасқан спорт және тренажер залында өткізуге мүмкіндігі бар", — деді Сағи Cүйеніш.

Жатақхана wi-fi-мен қамтамасыз етілген, коворкинг - орталық, кітапхана, интернет-орталық жұмыс істейтін болады.

"Студенттер үйі 5 қабатты ғимаратта орналасқан. 3 қабат жатақхана мақсатында, 2 қабат коммерциялық мақсатта қолданылады. Аталған аумақта асхана, фитнес, тренажер залы, монша, шаштараз және кеңселерге арналған алаңдар орналасқан", — деді кәсіпкер.

Кәсіпкер шығындардың бір бөлігін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде өтей алады. Ол үшін 2019 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығымен шарт жасасты.

Еске салайық, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында облыс бойынша жалпы сомасы 16,5 млрд.теңге құрайтын 160 жоба бар. Оның ішінде: 110 жобаны (9,0 млрд теңге) банктер мен Аграрлық-кредиттік корпорация мақұлдады. 10 жоба (5,6 млрд теңге) – қаржы институттарының қарауында. Қалғандары бойынша құжаттар пакеті қалыптастырылуда.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше