Спорт • 25 Қараша, 2020

Қазақстан чемпионатында армия балуандары еркін күрестен үздік шықты

734 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күрес түрлерінен Орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушылары 6 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан чемпионатында армия балуандары еркін күрестен үздік шықты

Турнирдің алғашқы медальдарын алуға еркін күрестен бақ сынасты. Дәулет Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақта, Дәулет Ниязбеков 65 келіге дейінгі салмақта және қатардағы жауынгер Нұрқожа Қайпанов 74 келіге дейінгі салмақта ел біріншілігінің чемпиондары атанды.

Ефрейтор Ералы Әбдірашев 92 келі салмақ дәрежесінде чемпионаттың күміс жүлдегері атанды, лейтенант Әділет Дәулембаев пен қатардағы жауынгер Нұрдәулет Көктеубаев 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қазақстан Қарулы Күштерінің қоржынына қола медаль әкелді.

«Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Бұл турнир COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясынан кейін армия балуандары үшін алғашқы маңызды жарыс болды. Егер еркін күрес туралы айтатын болсақ, онда біздің спортшыларымыздың өнер көрсетуі мені қуантты. Әскерилер жыл сайын ел біріншілігінде көптеген медальдарды жеңіп алады», - деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт клубы - Орталық спорт клубының олимпиадалық спорт түрлері бойынша штаттық командаларды даярлау бөлімінің бастығы майор Әнуар Үсенов.