Осы ретте сарапшылар Қазақстанның жағдайы да әлемдік ІЖӨ мен сауда-саттық қаншалықты тез қалпына келетініне тікелей байланысты екенін айтуда. Мұндай жағдайда біздің Үкіметтің экономикалық блогы ішкі нарықтың барометрін ішкі-сыртқы факторға орай үйлестіріп отыруы заңдылық. Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мына факторларды ескере отырып дайындалғанын ескертті.
Біріншіден, 2019 жылғы ІЖӨ бойынша есептік статистикалық деректер және биылғы қаңтар-шілдедегі экономиканың даму қорытындылары назарға алынды.
Екіншіден, әлемдік экономиканың өсуі бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары бар. Коронавирус пандемиясы аясында 2020 жылы әлемдік экономика 5 пайызға төмендеп, 2021 жылы 4,9 пайызға өседі деген үміт бар. Үшіншіден, әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер. Халықаралық қаржы ұйымдарының мұнай бағасы бойынша консенсус бағалауы 2021 жылы барреліне – 45 доллар, 2022 жылы 55 доллар болады деген болжам бар.
– Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарий пайдаланылды. Базалық сценарийде ІЖӨ-нің орташа жылдық өсімі 4 пайызды құрайды. Базалық сценарий 2021 жылы 2,8 пайыз деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6 пайызға жетуге тиіс. Номинал ІЖӨ 2021 жылы – 76,7 трлн теңгені, ал 2025 жылы – 104,8 трлн теңгені құрайды, – дейді министр Р.Дәленов.
Күрес әлі аяқталған жоқ
Жаһандық сарапшылардың дерегі бойынша 2,5-3,5 пайыздық ІЖӨ өсімі көрсеткіші қауіпті аймақ саналады. Оның қарқыны аталған көрсеткіштен төмендесе, жаһандық рецессияның соңы теріс нәтижеге алып келеді. Дәстүрлі ресми немесе институционал болжам негізінде Халықаралық валюта қоры әлемдегі ІЖӨ-нің жылдық өсімі 2020 жылы 3,3 пайыз, 2021 жылы 3,4 пайызға жетеді деп жорамалдаған болатын. Пандемияның әлсіреуі үшінші тоқсанның соңы мен төртінші тоқсандағы экономикалық белсенділік деңгейі карантинге дейінгі кезеңнің көрсеткішіне жетіп қалуы мүмкін деген де болжам бар. Бірақ бұл болжам ғана. Әлі күрес аяқталған жоқ.
Коронавирустық пандемия әлемдік экономикаға 35 трлн АҚШ доллары көлемінде шығын әкелуі мүмкін. 2025 жылға қарай пандемияның әсері әлемдік экономикаға шамамен 35 триллион доллар шығын әкелуі мүмкін деп хабарлады Bloomberg сарапшылардың пікіріне сүйеніп. Экономистер көптеген ел пандемия басталған кезде қабылдаған қолдау шараларынан тым ерте бас тартып жатқанына алаңдай бастады.
Биыл COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдегі қауымдастықтар мен экономикаға орасан зор зиян тигізді. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде ол тарихтағы ең қымбат вирус екені белгілі болды. Сан-Францискодағы МакКинси Глобал институтының серіктесі Яана Ремес пандемия адамзаттың денсаулығына әсер еткенін, әлемдік ІЖӨ-нің тағдыры адамзаттың қолында екенін айтыпты. Дүниежүзілік экономика қазіргі уақытта дағдарыстың шыңында тұр, бірақ алда жаңа қауіптер болуы да әбден мүмкін. Ең негізгі қауіптің бірі күзгі, қысқы мезгілде күшейу мүмкіндігі жоғары екінші толқынның беталысына байланысты екен. Сол себепті біраз елдер, соның ішінде Франция мен Германия қолдау бағдарламаларын ұзартты.
Қазақстан да коронавирус пандемиясымен күресе отырып, ұлттық экономиканы қалпына келтірудің күрделі кезеңіне өтті. Егер карантинге қатысты қатаң шектеулер дәл сол схемаға сәйкес енгізілсе, онда қалыпты экономикалық өмірге оралудың ортақ рецепті жоқ екендігі анық. Сонымен қатар коронавирустың беті қайтпағанын, бір тырнағы бүгулі екенін көріп отырмыз. Сондықтан сарапшылар бізге коронавирустың қатерлі Сцилласы мен экономикалық дағдарыстың Харибдасының арасынан жол таба білу керектігін ескерте бастады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтып өткендей, ұлттық экономиканы алға жүргізудің пайдаланып үлгермеген мүмкіндігінен үміттеніп отырмыз. Енді экономиканы, нарықты тұрақтандырудың алғашқы белгілерін консолидациялау керек, себебі осы төртінші тоқсан біздің ел үшін шешуші кезең болғалы тұр. Алғашқы жартыжылдықта ІЖӨ-нің құлдырау деңгейі 1,8 пайыз болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,9 пайыз, көлік және логистика 14,6 пайыз, ішкі саудада – 10,6 пайызға, сыртқы сауда көлемі 6,9 пайызға төмендеді. Халықтың нақты ақшалай кірістері де сыр беріп қалды.
Сарапшы Ерлан Ибрагим мемлекетке бір мезгілде экономиканы қалыпқа келтіру мен ұлттың денсаулығын қорғауды қатар жүргізу қымбатқа түсетінін айтады. Дәл қазір қандай шешімдер қабылдау қажеттігі бәрімізге белгілі. Сарапшылар экономикалық өсім мен тұрақтылықтың қазіргі деңгейін пандемия мен дағдарыстың ызғарынан қорғап қалуға кеңес беріп жатыр. Үкімет пен Ұлттық банк жағдай ушығып кеткен жағдайда бірлескен іс-қимылдар жоспарын дайындауға кіріссе, инвестициялық тартымдылықты сақтап қалу үшін қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізетіні белгілі болды.
Мемлекеттік компаниялардың бюджетке дивиденд төлеуін міндеттеуді заңмен бекіту биылғы жылдың еншісіне бұйырыпты. Сарапшылар ендігі жерде салық преференциялары мен жеңілдіктерін жүйелендіру мен Ұлттық қор трансферін қолдануды реттеу жағына көңіл бөлу қажеттігін айта бастады. Осы мәселелерді жүйелендірсек, банктер экономиканы қаржыландыруға бет бұрады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырып, экономикаға емес, адам факторына басымдық берді. Пандемияның белгісі елге жеткен күннен бастап, шекара жабылып, халық оқшауланды. Мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдердің бәрі халықтың денсаулығын сақтап қалуы үшін қабылданды. Бұл бағыт алдағы уақытта да жалғаса береді деп үміттенемін, –дейді Ерлан Ибрагим.
Әлемдік экономика сал ауруына шалдықты
Франциядағы қазақтар қауымдастығының (ACF) президенті, белгілі экономист Берлин Иришев айтқандай, экономика – тірі ағза, сондықтан оны вирустың соққысынан кейін қалпына келтіру ұзақ уақыт алады. Бұл дағдарысты ұзаққа созылған сал ауруына теңеуге болады.
– Әлемдік экономиканы қалпына келтіру процесі бірнеше жылға созылады және коронавирустың жаңа толқыны туындаған жағдайда, шығындар еселенеді. Осыдан жүз жыл бұрын экономист Кондратьев 50 жылдыққа дейін жалғасатын экономикалық дағдарыстардың ұзақ циклдері болатынын, үлкен құлдыраудың зардабы тез өсуімен өтелмейтінін болжады. Жоғары технологиялар заманында өндірістің өсуі бірнеше есе тезірек болады, бірақ мен экономикадағы қазіргі апаттың салдары 7-10 жыл ішінде сақталуы мүмкін деп ойлаймын, – деді ол.
Сарапшы әлемде күн сайын жұмыссыздар саны қарқынмен өсіп жатқанын, шағын және ірі кәсіпорындар жабылып жатқанын атап өтті. Мысал ретінде, экономист Airbus компаниясының 15000 қызметкерін жұмыстан шығарғанын еске алды. Ұшақтар өндірісі шығынға ұшырады, бірнеше миллиондық келісімшарттар күшін жойды.
– Қоғамдағы әлеуметтік салдарлардың және поляризацияның күшею қаупін ешкім болжай алмайды. Пандемия қашан тоқтайтыны және вирус әлемді экономикалық апаттың тұңғиығына жіберетіні белгісіз, – деді Берлин Иришев.
Б.Иришев «ковид» дағдарысының парадоксы экономикасы мен қызмет көрсету саласы дамыған елдер көбірек соққы мен теріс әсерге ие болатынын да ескертті. Экономика неғұрлым үлкен болса, дағдарыстың салдары соғұрлым ауыр болып, кедейлік деңгейі тереңдей беретін көрінеді. Қарапайым тілмен айтсақ, азық-түлік жиынтық себеті беделді Chanel немесе LV сөмкелеріне қарағанда қымбаттайды. Дағдарыс үшінші әлем елдеріне де әсер етеді, бірақ оның салдары дамыған елдердегідей ауқымды болмайды.
– Франция, Италия және Испания тек туризмнен 200 миллиард еуродан артық шығынға батады. Ал Қазақстанда мұндай жаһандық проблеманы көріп тұрғаным жоқ. Тек шикізатқа бағытталған, ірі өндіріс орны, дамыған қызмет көрсету секторы жоқ. Мұнай бағасы қауіпті деңгейге түсті, ал өндіріс пен экспорт күрт төмендеуі мүмкін, – деді ол.
Сұраныс бар орта керек
Берлин Иришев шағын және орта бизнесті қолдау арқылы агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық технологиялар саласы мен өндіріс салаларына үлкен көңіл бөлу арқылы ғана Қазақстан дағдарыстан шығуы мүмкін дейді. Инновация секторы бізді тығырықтан алып шығады деп көп үміттенудің қажеті жоқ, бірақ жылт еткен мүмкіндікті уыстан шығарып алуға тағы болмайды.
Қазір ақпараттық технология саласында бірнеше компаниясы бар қазақстандық Данияр Ахметов 22 жыл бұрын Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы политехникалық университетті бітіріп, Мәскеуге кеткен. Мәскеуден Жапония асқан. Ресейдің Яндекс компаниясының иесі Аркадий Волож Алматыдағы физика-математика мектебінің түлегі. Алматыдағы ҚБТУ-дың түлектеріне, оның ішінде IT магистранттарына Ресейдің «Газпром», «Атомпром» компаниялары үнемі құда түседі. Барымызды бағаласақ, әлеуеті мол мамандардың қабілетін қажетсінетін орта құрылса, елден ешкім кетпейтінін алға тартты Б.Иришев. 1990 жылдары аграрлы ел деңгейінде болған Қытай аз ғана уақыт ішінде дамыған ұшақтар мен зымыран шығарып, 5G-дің тілін тапқан елге айналды. Яғни әлемдік экономикадағы ІЖӨ өсімі адам факторына тәуелді екенін, экономиканы адам көтеретінін ұмытуға болмайды.
Сарапшының пайымынша қазіргідей дағдарыс екі өкпеден қысып тұрған заманда белгісіздіктің тереңдеп кетуіне жол беруге болмайды.
– Географиялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан географиялық жағынан қолайлы аймақта отыр. Көршісі 1,5 млрд халқы бар Қытай. Қазақстанды дағдарыстан алып шығатын сала агросектор, азық-түлік секторы болуы мүмкін. Аграрлық секторға күрделі реформа қажет, – деп түйіндеді сарапшы.
Жас экономист, Кембридж университетінің түлегі, даму ғылымдарының PhD докторы Серік Оңалбайұлы «дамушы» елдер өз экономикасы мен қоғамын жедел дамытудың оңтайлы шешімін табуға тырысып жатқанын айтады. Бұл жағдайда дилемма негізінен экономикалық және ұлттық мүдделерін сақтау мен халықаралық институттардың экономиканы ырықтандыру және нарықтарды ашық ету жөніндегі талабын орындау арасында туындайды. Бір қызығы, екі аргумент те орынды.
– Қазір әлемде ортодоксал экономика мектебі деп аталатын экономикалық шекарадағы еркіндікті жақтаушылар басым. Бұл теорияның постулаты көпшілікке таныс деп ойлаймын. Экономиканың ашықтығымен қатар, бұл аргументте дамыған қоғамдық және мемлекеттік институттардың маңыздылығы жиі айтылады, – дейді Серік Оңалбай.
Алайда экономист басқа да пікірлер бар екенін ескертіп өтті. Дамыған, даму жолына түскен мемлекеттердің бәрі бастапқыда отандық өндірушілерді қолдаған, яғни импортқа салынатын бажды көбейткен, экспортқа бағытталған бағдарламаларды алға шығарған, сондай-ақ мемлекет қолдауына ие ауқымды конгломераттар құрған. Бұған Кореяны мысалға келтіреді, бұл елдің халқы ең демократиялық емес үкіметтің басшылығымен керемет нәтижелерге қол жеткізді. Жер көлемі үлкен, халықтың орналасу тығыздығы өте төмен, ауыл халқы басым елде экономикалық дамудың оңтайлы жолына басымдық береді.
– Менің ойымша, бұл мәселеде оңтайлы шешім табу оңай емес. Әрине, ашық экономика мен жалпы қоғамға бағытталған реформалар қажет, бірақ жергілікті жағдайларды ескеру қажеттігі туралы аргументті назарсыз қалдыруға болмайды. Өзімнің ғылыми зерттеулеріме сүйене отырып, модернизация мен реформа жүргізу мәселесінде жергілікті мәдени-тарихи жағдайларды ескеру аса маңызды деген қорытындыға келдім, – дейді Серік Оңалбайұлы. Оның пайымдауынша, көптеген елде жергілікті контекстің сақталмауы реформалардың сәтсіздікке ұшырауына соқтырды. Ал табыспен аяқталған тәжірибелер барысында жергілікті даму факторлары тұтас елдің мәдениетін ғана емес, жеке ауылдың немесе өңірдің айырмашылығын да ескеруі тиіс екені белгілі болды.
АЛМАТЫ