Қоғам • 26 Қараша, 2020

Біздің Отанымыз – Қазақстан

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Т.Айбергенов атындағы №16 мек­тептің мұғалімі Елизавета Шнайдермен танысқанымызда, оның қазақша мүлтіксіз сөйлегеніне таңырқағанымыз рас.

«Таңданатын ештеңесі жоқ, қазақ даласында туып-өстім. Павлодар облысы, Терең­көл ауданы, Тегістік ауылын­да 8-сыныпқа дейін қазақ мек­тебінде оқыдым. Жоғары сы­нып­тарды Павло­дар­дағы Ы.Ал­т­ынсарин атын­дағы дарынды ба­лаларға арналған мектеп-ин­те­рнатын­да оқып-бітірдім. Алматы­дағы Әл-Фараби атын­дағы ҚазМУ-ге оқуға түс­тім. Ұлт­­­тық университетті орыс мек­­­­тептеріндегі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі маман­дығы бойынша бітіріп, 25 жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Отбасымызда 9 жанбыз. Үйде түгел қазақша сөйлейтінбіз. Себе­бі қазақша хат танып, сауа­ты­­мызды аштық. Үйде әкем қазақ­ша, анамыз орысша, әжем немісше сөйлейтін. Ата-анамыз жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кетті, таза қазақы ауыл болғаннан біз де тілді тез үй­реніп кеттік. Үл­кен ағам Владимир Шнайдер фи­ло­­логия ғылымдарының кан­­­ди­даты, доцент, «Тұран-Аста­на» университетінде кафед­ра мең­герушісі. Қазақ тілін үй­ренуге, тіл біліміне қатысты бір­шама еңбектің авторы», дейді Ели­завета Александровна.

– Тарихи отандарыңызға оралу туралы ой болмады ма?

– Біздің отанымыз – Қазақ­­стан. Бұл менің әкем­нің айт­қаны. 1990 жылдары жер­гілікті немістердің Гер­ма­нияға қоныс аудару үде­рісі басталды. Ауылдан, ауданнан тарихи отандарына оралып жатқандары болды. Бізде нақты ондай ой болған жоқ. Оның үстіне ол кезде көп нәрсенің байыбына бармайтын жастау кезіміз. «Әке, ел Германияға кетіп жатыр ғой. Біз де кетейік те», дегенбіз жай ғана әзілдеп. «Менің әке-ше­шемнің сүйегі осында жатыр. Мен де осында қаламын. Мен де басқа Отан жоқ», деп кесіп айтты әкем. Осы сөзден кейін отбасы­мызда бұл мәселе қайта қоз­ғал­­ған емес. Анамыз, біраз бауыр­­ларымыз әлі күнге Те­гіс­­тікте отыр, тым құрыса аудан орталығына жылжы­саң­­даршы деп келтіре алма­дық. Ауылға әбден бауыр басқан.

«Зобалаң жылдары ата-баба­ларымыз қуғын-сүр­гінге ұшырап, қазақ жері­не қоныс аударғаны мәлім. Қиын кездерде демеу болып, қолдау көрсеткен ата-баба­лары­мыз үшін қазақ халқы­на алғысымыз шексіз. Қазақ еліне, жеріне деген сүйіс­пен­ші­лігімізді қазақ тілін білу ар­қылы жеткізе аламыз. Жал­пы, әрбір қазақстандық мемлекет­тік тілді білуі керек. Себебі мемлекетті тану – мемлекеттік тілді үйренуден басталады.

1995 жылдан бастап орыс сыныптарына қазақ тілін оқы­тып келемін. Балалар­дың қазақ тіліне деген қызығу­шылығы зор. 4-9 сыныптарда орысша араластырамыз, аударма жұмыстары бола­ды. Ал жоғары сыныпта бір­де-бір орыс сөзін араластыр­май дәріс өтіп жүрмін. Мектеп бітіргенде балалар өз ойын қазақ тілінде толықтай жеткізе алады», дейді Елизавета ұстаз.

Келесі сұхбаттасымыз да осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ук­раин қызы Виктория Виз­нович. «Мен Қарағанды облы­сы Қарқара­лы ауданы, Бүр­кітті ауылында дүниеге кел­дім. Таза қазақы ортада өс­тім. Үйде, отбасымызда орыс, қазақ тілдерін қатар қол­­да­­намыз. Қазақ мектебінде оқы­­ған­дықтан, қазақы ортада өс­­кен­дік те болар, маған ойым­­ды орысша жеткізгеннен қазақ­­­ша жеткізу оңай. Бала күнім­нен ұстаз болуды арман­даушы едім. Елордадағы Гу­ма­ни­тарлық колледжді бітір­дім, Қарағанды­дағы Е.Бөкетов атындағы университет­те «қазақ филологиясы» мамандығы бо­йынша 2-курста оқып жүрмін. Бүгінде міне, елордадағы «...мен марттағы найзағай күркі­рімін, Құрманғазы күйінің бір тілімін», деп жасындай жарқ етіп жырлап өткен Төлеген ақын атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нен дәріс беріп, ұстаздық етіп жүрмін. Мамандығымды сүйемін, осындай ғажап мекен Қазақ елінің бір кірпіші болып қалануға, қызмет ету­ге барымды саламын. Көп­теген конференция мен курстарға қатысып, білік­тілі­гімізді көтеріп, латын гра­фи­касы негізіндегі жаңа емле ережелерін меңгеріп жатырмыз. Отандастарыма ұлты­ңызға, жасыңызға қарамай, мемлекет­тік тілді үйенуге талпыныңыз. Себебі қазақ тілі – біздің байтақ Отанымыз­дың басты байлығы, арқау-арнасы дегім келеді», дейді жас мұғалім Виктория.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист