Кеше Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен еліміздің құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, Парламент депутаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Мәжілісте жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттердің жиілеп және үдемелі сипат алып бара жатқандығы сөз болды. Халықтың тұрмысы түзеліп, әлеуметтік жағдай жақсарған сайын жасөспірімдер қылмысының азаю орнына, оның түрлі сипатта етек алуы алаңдатады. Сондықтан да болса керек, бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы өткен жылғы қарашада халықпен өткізілген тікелей желі барысында атап көрсетті. Елбасы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың таралуымен күресті күшейту қажеттігін айтты. Бірақ жағдай әлі мәз емес көрінеді. Мәжілісте Бас прокуратураның келтірген жасөспірімдер қылмысы туралы тың мәліметтері жағаны ұстатады. Олар аймақтарға шығып тексерулер жүргізген. Нәтижесінде белгілі болғандай, кейбір өңірлерде, әсіресе, Тараз қаласында жағдай күрделі күйінде қалып отыр және ондағы орта оқу орындарында бопсалау, ақша жинау және бұзақылық деректері жиілеп кеткен.
Мәжіліс барысында Бас Прокурор құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру, алдын-алу жұмыстарын сапалы жүргізу, жасөспірімдерді қылмыстық элементтердің ықпалынан барынша қорғау, сондай-ақ олардың құқықтарының бұзылуының уақтылы жолын кесу қажеттілігін атап көрсетті. Бүгін біз осы бір күрделі мәселелерді үйлестіру кеңесінің мүшелерімен шешудің жолдарын, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтармен күрестің жай-күйін, сондай-ақ құқық қорғау және уәкілетті органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды талқыладық, дейді Бас Прокурор Қайрат Мәми.
Александр ТАСБОЛАТОВ.