Саясат • 26 Қараша, 2020

Сайлаушыларға үндеу жолдады

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы қарсаңында сайлаушыларға үндеу жолдады.

Сайлаушыларға үндеу жолдады

«Егер сіз дауыс беру күнінде 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматы болсаңыз, Парламент Мәжілісінің және мәсли­хат депутаттарын сайлауға құқы­ғыңыз бар. Сіздің сайлаушы­лар тізімінде болуыңыз – сайлауға қаты­суға конституциялық құқығыңыздың іске асырылуының кепілі. Сай­лау­шылар тізімін жергілікті атқа­рушы органдар жасайды. Сіздің нақты сайлау учаскесінің аумағын­дағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңіз сізді сайлаушылар тізіміне енгізуге негіз болып табылады. Сайлау учаскелерінің ше­ка­расы жергілікті бұқаралық ақпа­­рат құралдарында 2020 жылғы 5 қа­ра­шадан кешіктірілмей жарияла­нады», делінген Орталық сайлау комис­сия­сының үндеуінде.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша әр сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

«Сізге 2020 жылғы 10 желтоқсанға дейін сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіз болмайтыны белгілі болса, баратын жеріңіздегі әкімдікке сайлаушылардың тиісті тізіміне қосу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқыңыз бар. Егер сіз тұрақты тіркелген жеріңізден тыс елді мекенде болсаңыз және тұрғылықты жеріңіз бойынша уақытша тіркелген болсаңыз, 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні өзіңіз дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен уақытша болатын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылысыз», дейді комиссия.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы азаматтарды сайлаушылар тізіміне ену бойынша барлық заңды әрекеттерді орындауға үндеді.

«Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақтылы қабылдауыңыз қажет. 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі», деп түйіндеді ОСК.