Бокс • 26 Қараша, 2020

Үздіктер шетінен сүрінуде

325 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Шымкентте бокстан дәстүрлі Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күнінен бастап сенсациялық нәтижелер тіркеліп, кейбір үздік боксшылар алғашқы сыннан сүрінді. Назар­ларыңызға ішкі біріншіліктің алғашқы екі күнінде тіркелген нәтижелерді ұсынамыз.

Жарыс шымылдығын 49 кило салмақтағы былғары қолғап шеберлері түрді. Дәл осы салмақта Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы атанып, түрлі халықаралық додаларда атой салып жүрген көкшетаулық Теміртас Жүсіпов турнирді сәтті бастады. Алматылық Мұхамеджан Әбдірасыловпен жұдырықтасқан Жүсіпов қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Сонымен қатар чемпиондыққа басты үміткер саналған елордалық Асхат Жүсіпов, жамбылдық Ермек Мәдиев, Алматы облысының өкілі Жандос Несіпжанов және тағы басқа боксшылар келесі кезеңге сүрінбей өтті.

52 кило салмақта алғашқы күннен-ақ үздік қарсыластар бір-біріне тап болып, жарыс көрігін қыздырды. Атап айтар болсақ, 2017 жылы Германияда өткен әлем чемпионатында 49 килода ел қоржынына қола жүлде салған Түркістан облысының өкілі Ержан Жомарт жарыс жолынан шығып қалды. 2017 жылы 52 килода ел чемпионы атанған атыраулық Олжас Байниязов 4 раундта мықтылық танытып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. 

Жастар арасында Азия чемпионы атанып, мамандардың көзіне түскен шым­кенттік Сабырхан Махмұт та ересектер ара­сындағы ел чемпионатын сәтті бастады. Солтүстікқазақстандық Данияр Жарасовпен қолғап түйістірген ол қарсыласынан екінші раундта техникалық нокаутпен басым түсті.

Сондай-ақ 60 килода 2017 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған Саматәлі Төлтаев, 56 килодан 60 килоға ауысқан Лондон Олимпиадасының қатысушысы Ілияс Сүлейменов, 2013 жылғы ел чемпионы Әділет Құрметов бапкерлер сенімін ақтап, келесі кезеңге жолдама алды. Сүлейменов қарсыласын нокдаунға түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтағанын айта кетейік.

Екінші жарыс күнін 57 кило салмақтағы жігіттер бастады. Наурыз айында Иорда­ния­дағы Токио Олимпиадасына жолдама беруші жарыста лицензия иеленген павлодарлық Серік Теміржанов алғашқы «сынақтан» сүрінген жоқ. Сондай-ақ осы салмақта былтыр чемпионатта жүлдегер атанған Оразбек Асылқұлов келесі кезеңге шықты.

63 кило салмақтың үздіктері бірінші айналымнан босатылған. Атап айтар болсақ, Зәкір Сафиуллин, Ділмұрат Мижитов және Бекдәулет Ибрагимов жарысты екінші кезең­нен бастайды. Екінші айналымда Сафиул­лин Әли Ақеділовпен, Мижитов Азамат Нүркенмен, ал Ибрагимов Айтжан Әшірханмен қолғап түйістіреді.

Олимпия ойындарында «Қазақтың» сал­мағы атанып кеткен 69 килода осы салмақтың серкесі – Абылайхан Жүсіповтің алғашқы қарсыласы белгілі болды. Екінші айналымда Жүсіпов бірінші кезеңде түркістандық Тұрар Тілеуқабылдан басым түскен Сабыржан Бекбергеновпен жұдырықтасады. 2013 жылы 69 килода Қазақстан чемпионы атанып, кейіннен кәсіпқой боксқа бет бұрған жамбылдық Сағадат Рахманқұл биылғы ел чемпионатында бақ сынап жатыр. Алғашқы айналымда ол Теміржан Баймолданы 5:0 есебімен еш қиындықсыз жеңді. Сонымен қатар 64 килода ел чемпионы атанып, биыл 69 килоға ауысқан жастар арасындағы Азия чемпионы Санатәлі Төлтаев қарсыласы Қуан Қуатовтан ұпай санымен жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. 2018 жылы Ақтауда өткен чемпионаттың күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов жарысты екінші кезеңнен бастайды. Оның қарсыласы – шығысқазақстандық Азамат Ибраимов.

Жарыстың екінші күні ауыр салмақтағы боксшылар да рингке көтерілді. Әр жылдары ішкі чемпионаттың жүлдегері атанған атыраулық Еркін Мұхамеджан ә дегеннен-ақ жамбылдық Нұрсұлтан Аманжоловты жарыс жолынан ығыстырды. Ал Мұхамеджан келесі кезеңде ұлттық құраманың капитаны әрі Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ 2016 жылғы ауыр салмақтағы ел чемпионы атанған Олжас Бұқаев жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері Дамир Тойбайдан жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Ал былтырғы Спартакиаданың жеңімпазы Нұрболат Сермаханов Айболды Дәуренұлынан айласын асыра алмады. Сонымен қатар Спартакиада финалисі Ержан Сейтімбетов те жарысты ерте аяқтады.