Футбол • 26 Қараша, 2020

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

150 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні футболдан Қазақстан чемпионатының 20-тур ойындары өтті. Көш басында келе жатқан командалар ұпайдан шашау шығармай, кезекті жеңістеріне қол жеткізсе, қола жүлдеге үмітті «Ордабасы» мен «Шахтер» ұпай жоғалтты.

 

«Астана» – «Қайсар» – 3:1

Өткен турда күтпеген жерде «Шах­тер­ден» 3:1 есебімен жеңіліп қалған елор­даның «Астана» клубы «кенші­лерге» кеткен есесін Қызылорданың «Қайсарынан» қайтарды. Яғни 20-турда еліміздің алты дүркін чемпионы дәл сондай есеппен былтырғы Қазақстан кубогының иегерін жеңді. Алматыдағы «Жас Қыран» стадионында өткен матчтың есебін 25-минутта хорватиялық легионер Марин Томасов ашты. Алайда арада бес минут өткенде қызылордалықтардан Максим Федин есепті теңестіріп, «Астана» футболшыларын уайымға салып қойды. Бұл – Фединнің «Қайсар» клубындағы алғашқы голы. Ол бұл голын жуырда ғана ауруханадан емделіп шыққан анасына арнады. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Максим Федин Ұлттар лигасының кезекті туры аясында сырт алаңда Беларусь құрамасымен өтетін ойынға отбасылық жағдайға байланысты қатыса алмай қалған еді.

Кездесудің екінші таймында «Астана» футболшылары барын салды. Өйткені бұл турда да үш ұпай олжалай алмаса, қолда тұрған қола жүлдесінен де айырылып қалуы мүмкін еді. Дегенмен жыл басында «Астана» құрамын толықтырған шабуылшы Пиерос Сотириу 61-минутта баспен гол соғып, командасын алға шығарса, 73-минутта 11 метрлік айып добын сәтті орындап, командасына маңызды ұш ұпайын сыйлады. Бұл кездесуден кейін «Астана» 30 ұпаймен үшінші орынын сақтап қалды. Ал «Қайсар» 24 ұпаймен 6-орында қалды.

 

«Қызылжар» – «Ордабасы» – 0:0

19-турда сенсация жасап, «Қай­рат­тан» 3:2 есебімен басым түскен «Қы­зыл­жар» бұл жолы «Ордабасы» клубымен тең ойнады. Жалпы, екі команда арасындағы бұл кездесу турдың емес, жалпы маусымның ең қызықсыз матчы болды десек артық айтқандық емес шығар. Өйткені екі команда да бір-бірінің қақпасына мүлде дәл соққы жасамаған. Екі матчта бір ұпайға ие болған шымкенттік клуб турнир кестесінде «Астанадан» екі ұпайға артта қалып келеді. Чем­пионатта «Ордабасының» бір ойыны, елордалықтардың екі кездесуі қалға­нын ескерсек, «Ордабасы» қола жүлде­ден үмітті үзді дей беруге болады. Ал петропавлдық команда 20 ұпаймен 9-орынға тұрақтады.

 

«Тараз» – «Каспий» – 0:1

Қатарынан екі турда жеңіске жеткен ақтаулықтар келесі жылы да ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Биыл ғана жоғары лигаға шыққан «Каспий» үшін бұл тамаша жетістік. Алматыдағы Тимур Сегізбаев атындағы стадионда өткен ойынның жалғыз әрі жеңіс голын  45-минутта Ар­ман Нүсіп соқты. Турнир кесте­сінде соң­ғы орында тұр­ған «Оқжет­пес­тен» алты ұпайға озып, 10-орын­ға табан тіреді. Ал «Тараз»
20 ұпай­мен 8-орында қала берді.

 

«Оқжетпес» – «Тобыл» – 0:2

Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын еш қиындықсыз жеңген «То­был» күміс жүлдеге бір табан жа­қын­дай түсті. Егер қостанай­лық­тар келесі турда «Тараз» клубы­нан басым түсетін болса, мерзі­мі­нен бұрын ел чемпиона­ты­ның күміс жүлдегері атанады. «Оқ­жет­песпен» өткен кездесудің есебін 38-минутта Жереми Манзорро ашты. Ал екінші таймның 60-ми­ну­­­тында Көкшетау футбол мекте­бі­­­нің түлегі Сұлтан Әбілғазы «То­­­­был­дың» екінші голын соғып, матч­­­тың нүктесін қойды. Қазақ­стан жастар құрамасының ойын­шы­­­­сы осымен екінші матч қатары­нан мер­гендігімен көзге түсіп отыр.

Қатарынан төртінші ойында жеңіл­ген көкшетаулықтар қажетті ұпай­ын жинай алмағандықтан келесі жы­лы Бірінші лигада өнер көр­сететін бол­ды. 19 ойында 11 ұпай жинаған «Оқ­жет­песі» кестенің 11-орынында тұр.

 

«Шахтер» – «Жетісу» – 1:2

19-турда «Астана» командасынан үш ұпай тартып алған соң «кеншілер» командасы қола жүлде үшін өтетін бәйгеге қосылған-ды. Алайда «Шах­тер»  өткен тур­да «Жетісудан» жеңіліп, чем­­пионатты үшінші орынмен аяқ­тайтын тамаша мүмкіндігінен айырылып қалды. Кездесудің есебін 23-минутта «Жетісу» шабуылшысы Мартин Тошев ашса, екінші таймның 74-минутында Педро Эуженио есепті еселеді. Бірақ араға төрт минут салып Айдос Тәттібаев есеп айырмасын қыс­қарт­­қанымен, командасын жеңіліс­тен құт­қарып қала алмады. «Жеті­су» осы же­ңісінің арқасында 25 ұпай­мен 6-орынға көтерілді. Ал Горо­венко шәкірттері 26 ұпаймен 5-орында қала бермек.

20-турдан кейін Көкшетаудың «Оқ­жетпесі» Бірін­ші лигада өнер көр­сететіні бел­гілі болса, биылғы Бірінші ли­­гада топ жарған «Ақтөбе» мен «Аты­рау» командалары ке­лесі жы­лы Жоғары лигада ой­науға мүмкіндік алды. Ел чем­пио­на­ты­ның келесі тур ойындары 27 қарашада өтеді.