Қоғам • 26 Қараша, 2020

Сапархан Омаров ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Қоғам және мемлекет: "Birgemiz" серіктестік пен дамудың 30 жылы" IX Азаматтық форумы аясында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров "Қазақстанның АӨК экспорттық саясатын жаңғырту" тақырыбында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

 Іс-шараға Қазақстан азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс және ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Нұртазина қатысты.

Кездесу барысында ҚР АШМ басшысы қатысушылардан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы жетістіктерді, түйіткілді мәселелерді және оларды шешудің тиімді жолдарын талқылауға шақырды.

Сондай-ақ, министр АӨК өнімдерін, оның ішінде қайта өңделген өнімдерді экспорттау саласындағы ағымдағы жағдайды атап өтті.

Сапархан Омаровтың мәліметінше, 2019 жылы АӨК өнімдерінің экспорты $3,3 млрд. АҚШ долларын құрап, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артты. АӨК өңделген өнімінің экспорты бес жыл ішінде 1,2 есе – $1,1 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан шетелге ауыл шаруашылығы өнімін $2,1 млрд. АҚШ долларға, ал өңделген өнімді – $892 млн. АҚШ долларына дейін саудалады.

"Жаңа өткізу нарықтарын ашу үшін импорттаушы елдердің фитосанитариялық және ветеринариялық талаптарынан өту, жеткізушілердің шетелдік тізімдеріндегі қазақстандық кәсіпорындардың тізбесін кеңейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Бұл тізімдерге қазірдің өзінде 3182 қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Шетелдік тізімдердегі кәсіпорындар санын көбейтуді ҚР ветеринарлық және фитосанитарлық қызметінің кепілдігі есебінен жоспарлап отырмыз", - деді С.Омаров.

Сондай-ақ С.Омаров ҚР АШМ тұрақты түрде экспортқа рұқсат беру құжаттарын ресімдеу мерзімдеріне, шет мемлекеттердің уәкілетті ұйымдары қоятын әкімшілік кедергілерге мониторинг және бақылау жүргізетінін айтты.

Жиын барысында А.Марс және Г. Нұртазина мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты туралы қосымша ақпарат берді.

Кездесуге қатысушылар мүдделі министрлік өкілдеріне сұрақтарын қойып АӨК-дегі экспорттық саясатты жаңғырту тақырыбы бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Онлайн кездесу соңында Сапархан Омаров барлық ұсыныстарды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы мен қызметкерлері назарға алатынын атап өтті.