Сенатордың айтуынша, бүгінде отандық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Тіпті елордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында қолжазбалар мен сирек кітаптар сақтайтын жер өте тар.
«Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Орталықтың ғимараты еуропалық талаптарға мүлдем сай емес. Оның үстіне, көрермендерге арнап дайындаған көрмесі де кішкентай. Сондықтан кітап қоры көбейген сайын орталықта ғылыми сараптамалық топты ұлғайту керек», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сауал барысында сенатор елімізде реставрация саласын жетілдіру, осы бағытта маман даярлау, аймақтардағы архивтердің жағдайын жақсарту мәселелеріне де назар аударды.
Сонымен қатар ол кітаптар мен құжаттарды цифрландыру ісі көңіл көншітпейтінін айтты.
«Көпшілігінің сапасы нашар және оқылуы қиын. Жүктеп алуға да келмейді. Егер кітаптардың оқылымын тегін етіп, жүктеуін ақылы етер болса, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді. Aрхивтерде мұндай мүмкіндіктер әлі қарастырылмаған. Облыстардағы кей архивтердің сайты да жоқ. Шет елдердегідей архив құжаттарымен онлайн танысу мүмкін емес», – деген депутат соның салдарынан пандемия кезінде еліміздегі ғылыми жұмыстар айтарлықтай зардап шеккенін жеткізді.
Сенатор бұл мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе қолға алып, жетілдіру керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, елімізде қолжазбалар, сирек кітаптар, басқа да құнды құжаттарды цифрландырып, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықтың қажетіне жарату қажет екенін атап өтті.