Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың негізгі қызметі – жануарлар дүниесін, оның тіршілік ету ортасы мен биологиялық әртүрлілігін сақтауға және көбейтуге, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұлжытпай орындауға бағытталған. Көкше қысының кей жылдары аязды, суық болатыны мәлім. Қар қалың түскен жылдары қорадағы мал ғана емес, даладағы аң-құс та шығынға ұшырауы кәдік.
Қысқа мұқият дайындалған ұжым биыл 258 тонна шөп, 243 мың дана сыпырғыш дайындады. Аңдар алаңсыз азықтануы үшін 24 дана оттық қойылды. Құстардың қоректену алаңдары жасақталды. Жемшөппен бірге аң ағзасына қуат беретін қосымша азықтар да қамтылды.
Егер қар қалың жауса, азықтандыру алаңдарын уақтылы тазартып отырмақ. Иен даланың көркі сандаған аң-құстың қыс сынағынан қысылмай шығуын қамтамасыз ететін ұлттық парктің қызметкерлері алғашқы қар түскеннен бері аң-құсқа абай болып жүр.
Ақмола облысы