Аймақтар • 27 Қараша, 2020

Ақтөбеде "Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры" альбомы жарық көрді

708 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде  «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» тақырыбымен өткен  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда  жыр альбомының тұсаукесері болды деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбеде "Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры" альбомы  жарық көрді

“Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар” бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған осы шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, есімдері елге танымал бірқатар ғалымдар қатысты. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмасбек Алматов, “Едіге батырды ” жырлаған жырау Қайролла Иманғалиевтің ұрпағы Қарақалпақстаннан арнайы келген Нуридден Қайроллаев,  онлайн режимде Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР  Парламенті Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл- Мұхаммед, Германиядан  шығыстанушы, түркі халықтарының қаһармандық эпосын зерттеуші, профессор Карл Райхл, РФ У.Алиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Насипхан Суюнова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарихшы, драматург, профессор Әнес Сарай қатысты. Олар видеобайланыс арқылы Едіге батыр жайындағы пікірлерін ортаға сала отырып, ұлттық өнерімізді жаңғыртуға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғыс білдірді.

Жинақ 10 дыбыстық жазба дискісінен тұрады, 500 данамен шығарылған. Мұнда еліміздің әр өңірінен шыққан 40-там астам жыршы-жыраудың орындауындағы дыбыстық жазбаға түсірілген 50 мың жолдан астам жыр топтастырылған. Альбомның бірінші томында «Қырымның қырық батыры» мен «Едіге батыр» жырларының басты қаһармандарына қатысты  тарихи мәліметтер беріліп, жырды осы күнге дейін жеткізген  жыршы-жыраулардың өмірбаяндары  қазақ, орыс және ағылшын тіліне аударылған. Жинаққа «Едіге» мен «Қырымның қырық батыры», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» қаһармандық дастандарын жырлаған Мұрын Сеңгірбайұлы, Нұртуған, Нұрпейіс Байғанин нұсқаларынан өзге  ел ішінен әр кезеңде жинақталса да,  бұрын-соңды  жарыққа шықпаған жырлар да енгізілген.

“Едіге батыр – тарихи тұлға. Осы орайда орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың 750 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған бүгінгі  шараның да орны ерекше”,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин. Өңір басшысы  алдағы  уақытта да Едіге батыр мен оның ұрпақтарына қатысты қолға алған тың жобалар мен зерттеулер жүйелі түрде іске асырылатынын жеткізді. Соның ішінде  тарихи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру, «Едіге» жырын жатқа айтудан  мектеп оқушыларының арасында сайыстар өткізу, өңірде кәсіби жыраулық мектеп қалыптастыру жолдары, өнертанушылар дайындау  туралы ұсыныстар мақұлданды.