Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған ҰҚШҰ, ТМД және ЕурАзЭҚ Парламенттік және Парламентаралық ассамблеялары шеңберіндегі ынтымақтастық шараларына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына келген қазақстандық Парламент Сенаты мен Мәжілісі делегацияларының жұмыс кестесі өте тығыздығымен ерекшеленді.

Олар екі күн бойы ҰҚШҰ, ТМД және ЕурАзЭҚ ПАА шеңберіндегі отырыстарға қатысты, ал Төрағалар осының үстіне ТМД елдеріндегі өздерінің әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Осы шаралардың бәрі де маңызды, олардың бәрі де ТМД аумағындағы парламентаралық интеграциялық үдерістердің өрістей түсуіне елеулі ықпалын тигізетін шаралар екені сөзсіз еді. Соның ішінде Қазақстан төрағалық ететін ЕурАзЭҚ ПАА отырысын оның төрағасы Н.Нығматулин жүргізіп отырды. Бұл ұйым біздің елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығын арттыру жолында көптеген шаралардың бастамашысы болып келеді, деді ол отырысты ашқан сөзінде.
Бұрнағы күні кешкісін ТМД ПАА Кеңесінің отырысы басталды. Оған ТМД елдері парламенттері палаталарының басшылары мүше болып табылады. Оны Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы әрі ТМД ПАА Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты бұрынғы қызметіне қайта сайлануымен әріптестері атынан құттықтап, еңбегіне жеміс тіледі. Одан әрі В.Матвиенко отырысқа ТМД-ның экономикалық сотының басшылары да қатысып отырғанын ескертіп, ортақ құқықтық кеңістікті жасауға игілікті ықпал етуді көздеп біз экономикалық сотпен ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойдық, деді. Сонымен бірге, ол отырысқа ТМД елдері Бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің және Кәсіподақтар конфедерациясының өкілдері, т.б. қатысып отырғанын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен.