
Тіршіліктің дыбысын өз құлағыңмен есту де бір бақыт. Қоршаған ортаның әсері ме, әлде тұқым қуалаушылық па, әйтеуір қазіргі таңда жас балалардың арасында есту қабілетінен айырылғандар саны көбейіп тұр. Сондай кемшіліктермен күресіп, талай сәбиге тіршіліктің дыбысын есту мүмкіндігін жасаған №5 қалалық-клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне елдің айтар алғысы бөлек.
Тіршіліктің дыбысын өз құлағыңмен есту де бір бақыт. Қоршаған ортаның әсері ме, әлде тұқым қуалаушылық па, әйтеуір қазіргі таңда жас балалардың арасында есту қабілетінен айырылғандар саны көбейіп тұр. Сондай кемшіліктермен күресіп, талай сәбиге тіршіліктің дыбысын есту мүмкіндігін жасаған №5 қалалық-клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне елдің айтар алғысы бөлек.

№5 қалалық-клиникалық ауруханада ауыз-құлақ қуыстары мен жақ-бет сүйек ақауларын қалпына келтіре білетін білікті мамандар тобы баршылық. Бір ауысымда 375 сырқатты қабылдай алатын әйелдерге арналған емханасы да бар. Қазір ел үкіметі мүгедек жандарға назар аударуды мықтылап жолға қойды. Соңғы кездері №5 қалалық-клиникалық ауруханаға есту қабілеті түрлі деңгейде нашарлаған сырқаттар легі толастамай тұр, солардың дені жас балалар. Осыған орай аталмыш ауруханада есту кемістігі бар балалар үшін сурдологиялық көмек, яғни, қолдың көмегімен ымдап сөйлесу жүйесі тереңдетіліп оқытылуда.
2007 жылдан бастап орталықта ересектер мен балалардың есту ақауын анықтау тәртібі заманауи тәсілдермен жүзеге асырылады. Жас баланың немесе шала туған сәбидің есту мүмкіндігін де нақтылау қазір қиындық тудырмайтын болған. Сурдо-фониатрикалық орталықтың мамандары тек Алматы қаласының тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар «Денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесі» аясында барша қазақстандықтарға дәрігерлік көмегін аямайды.
Қазір №5 қалалық-клиникалық аурухананың дәрігерлері есту қабілетін қалыпқа келтіру ісімен айналысатын әлемдік алдыңғы қатарлы емханалармен тығыз байланыс орнатып отыр. Аталмыш мекеменің мамандары ғылыми-біліктілік бағдарламасына сәйкес Германия, Австрия, Ұлыбритания, Израиль, Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония және Италия, Польша, Түркия, Дания сияқты мемлекеттердің ауруханалары мен емханаларында болып, сол елдерден әкелінетін есту аппараттарының қолдану тәсілдерін де жетік меңгеру үстінде.
2010 жылдан бастап №5 қалалық-клиникалық аурухананың дәрігерлері аса күрделі ота жасау ісін де өз қолына алды. 2011 жылдан бері тұрақты түрде отандық орталықтың білікті мамандары еліміздің шалғай өңірлеріне барып, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін көтеру ісін дамытып жүр.
Адамның есту қабілетін қалпына келтірудің бір жолы «Кохлеарлық имплантация» деп аталады. Бұл жас сәбилерге жасалатын ота. Қалалық-клиникалық ауруханада осы күнге дейін жасалған 348 отаның 99-ы балаларға жасалып отыр. Алайда, ота сәтті жасалғанымен адамның сөйлеу мәнерін қалпына келтіру көптеген қиындықтарды тудырып жатады. Сол себепті орталықтың сурдопедагогтары, логопедтері мен фониатор мамандары ота жасалатын сырқатпен күн ілгері жұмыс жасап, олардың қатарға қосылып кетуіне көп ықпал етеді.
Сурдопедагогтардың жұмысына есту қабілеті шектелген балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста болып, оларға өз сәбиінің есту қабілеті дұрыс жолға қойылу жолдарын қамтамасыз ету тәсілін үйрету ісі де жатады. Құлағы естіп, тілі сөйлеуге икемделген, келе-келе жалпы білім беру мектептерінде білім алу мүмкіндігіне ие болғандар да көптеп кездеседі.
Денсаулық сақтау мекемесінде маман саясатын дұрыс қолдана білу де өнер. Қазір аталмыш ем орталығында 2 медицина ғылымдарының докторы, 13 медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары кәсіби категорияға ие 52 дәрігер, 3 «Алтын белгі» иегері және әр жылдарда «Үздік медицина қызметкері» атанған жас дәрігерлер жұмыс істейді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.