
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев – үшінші мыңжылдықта жаңа қарқынмен алға басқан мемлекетімізді, қоғамымызды бір шаңырақ астына топтастырушы басты тұлға. Әлемде орын алып жатқан әртүрлі жаһандық қауіп-қатерлерден біздің Қазақстан Елбасының ұстанған сындарлы саясатының арқасында аман-есен өтіп келеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев – үшінші мыңжылдықта жаңа қарқынмен алға басқан мемлекетімізді, қоғамымызды бір шаңырақ астына топтастырушы басты тұлға. Әлемде орын алып жатқан әртүрлі жаһандық қауіп-қатерлерден біздің Қазақстан Елбасының ұстанған сындарлы саясатының арқасында аман-есен өтіп келеді.
«Нұр Отан» партиясы көшбасшы партия ретінде мемлекетіміздің даму жолында Қазақстан Президентінің стратегиялық бастамаларының негізгі тірегіне айналды. Біздің партияластар ел алдындағы жауапты қызметтерін абыроймен атқарып, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігінде белсенділік танытуда.
«Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруда «Нұр Отан» партиясының рөлі айрықша. Осы орайда, біздің партия ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін келешектегі бағыт-бағдарын, атқаратын міндеттерін айқындап отыр. Елбасының стратегиялық бастамасын іске асыру жолында жаңа саяси доктрина қабылданды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда ауқымды саяси доктрина ұсынған саяси партия болған емес. Мұндай Доктрина тарихта болмаған, бірінші рет қабылданып отыр.
Жалпы, осы Доктринаның басты мақсаты мен негізгі миссиясы қандай десек, ол осы құжатта «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси идеологиялық бағыт-бағдары көрініс тапқанын айтар едім. Осыған байланысты, партия Төрағасының бастамасымен әзірленген Доктринада атап көрсетілген біздің ең басты, негізгі байлығымыз ол – Тәуелсіздігіміз! Осы тәуелсіздікті әрі қарай қорғау, мемлекетті жаңа сипатта дамыту – елдік мүддеміз!
«Нұр Отан» партиясының XV съезінде Елбасы 2050 Стратегиясын жүзеге асыра отырып, біздің еліміз түбегейлі жақсаруға тиіс екенін, ол өзгерістер бәрін де қамтитынын айтты. «Осындай аса ауқымды жұмыстың басында да «Нұр Отан» партиясы тұруға тиіс! Бұл съездің түйінді міндеті – XХІ ғасырдың орта шеніндегі біздің барша ұлы мақсаттарымызға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындау», деді Ел Президенті.
Партия съезінде қабылданған бұл маңызды құжат тәуелсіз еліміздің даму жолына, өркендеген, бәсекеге қабілетті және әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған мемлекет болып нығая түсуіне ерекше үлес қосады деп есептеймін. Әсіресе, әділетті қоғам құру қағидаттарын іске асыруға ұмтылу жолындағы басты мақсаттар мен құндылықтарымыз көрініс тапқан міндеттерді шешуде оң ықпал етеді деген сенімдемін. Болашақта партияның бағдарламалары, нақты жұмыс жоспарлары осы Доктринаның негізінде жасалады деп ойлаймын.
Жаңа Доктрина – іргелі құжат, онда тек қана «Нұр Отан» партиясының ғана емес, бүкіл ел дамуының негізгі мақсаттары мен міндеттері, қол жеткізетін жетістіктері мен табыстары қамтылған. Бұл құжат азаматтарымыздың абыройы мен еркіндігін, елдің бірлігі мен ынтымағын, заңның әділ орындалуын, халқымыздың мәдениеті мен ізгі салт-дәстүрлерінің сақталуын, отбасы құндылықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтар болсақ, Доктринада айқындалған мақсаттар мыналар:
– елдің экономикалық өсіп-өркендеуіне бағыт алу;
– тұрақты әлеуметтік кепілдіктер;
– бәсекеге қабілетті және әлеуметтік бағытталған мемлекет орнату.
Доктринаның атауы «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталады. «Нұрлы болашақ жолында» дегеніміз – адам капиталы негізгі рөлге ие болатын әлеуметтік игіліктерді алу үшін болашақта басымдықтар мен әділеттілікті көздейтін даму саласы. Оның жинақталуы адамның өзін де, қоғамның құрылымдарын да өзгерістерге бейімдей отырып, түптеп келгенде, әлеуметтік саясатты жан-жақты жаңғырту үшін сенімді тұғырды қалыптастыратын болады. Біздің партия бірлікке, іскерлікке, жайлы өмір сүруге шақырады.
Қазір «Біреу маған бәрін жасап береді» деген ұғымнан арылатын кез келді. Немесе Үкіметке алақан жаятын уақыт та келмеске кетті. Бүгінгі нарық заманында ешкім басқа біреудің жұмысын істеп бермейді. Әркім өз тірлігін жасай білгені жөн. Ауылдық не қалалық жерде тұрса да, еңбектің көзін табуы керек. Сонда ғана бізде ілгерілеу үдерістер жүзеге асады. «Іздеген жетер – мұратқа» деген халқымыз.
Отанға деген патриоттық сезім, ұлттық құндылықтарды құрметтеу қасиеттері адамға тәлім-тәрбиемен беріледі. Біздің әрбір азаматымыздың жүрегінде менің мемлекетім, елімнің жетістіктері, менің халқымның мәдениеті мен өнері және әдет-ғұрыптары – басты байлығымыз деген ұғым болуы керек. Тәуелсіздікті құрметтеудің бәрі Отанды сүюден басталады. Ата-ана баласына қалай тәрбие берсе, ол азаматтың өмір жолы сол бағытта қалыптасады. Адамның ең үлкен парызы өз балаларына дұрыс тәрбие беруі керек екені Құранда да жазылған. Елбасы өз сөзінде жастарға патриоттық тәрбие беру, өз Отанын сүйетін азаматтарды тәрбиелеп шығару мәселесін жиі көтереді. Адамгершілік қасиеттер, саламатты өмір салтын ұстану, өз ісінің нақты маманы болуға бейімделу – бәрі де берілген тәрбиемен тығыз байланысты.
Отбасының қоғамдағы рөлі «Нұр Отан» партиясының Доктринасында ерекше айтылған. Осы Доктринада: «Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық дәл отбасында қалыптасады. Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек», деп атап өтілген. Елбасы ұстанған бағытты және партияның осы ұстанымын әр отбасына жеткізу – партияның әр мүшесінің алдына қойылып отырған міндет. Келешек ұрпақ алдындағы әр ата-ананың жауапкершілігі.
Мемлекет үшін де, халық үшін де ең басты құндылық – Тәуелсіздік. Елбасымыз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек екенін, ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылып жатқанын атап өтті. «Еліміз осы жылдарда ерлік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келгенін, оны ұстап қалу оңай емес екендігін халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын», деді шынайы ризашылығын жеткізіп.
Біздің алдымыздағы міндет – ұлттық және мемлекеттік мүддені жоғары қоятын іскер азаматтарымызды партияның төңірегіне біріктіру. Барша халықты «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға жұмылдыру, барлық күшті бір арнаға бағыттау. Осы орайда, партияның әр мүшесі уақытпен санаспай жүріп, Доктрина мақсатын халыққа түсіндіру, оларды өз ортасына тарту бағытында жұмыс істеуі керек. Мысалы, қазір бізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға өте көп мүмкіндіктер жасалған. Заңмен қарастырылған жеңілдіктер бар. Сала-сала бойынша жеңілдікпен берілетін несиелер бар. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін адамда іскерлік, қайраткерлік, төзімділік қасиеттері болғаны жөн. Берекелі байлық оңайлықпен келмейтіні анық. Елбасы партия съезінде елімізде шағын және орта бизнестің өнімі 20 пайыз көлемінде екенін айтты. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. Біз орта және шағын бизнесті қолдап, дамытып, оның үлесін 50 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Сонда ғана дамыған 30 елдің қатарына кіреміз.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сондықтан ұлтаралық мәселеге де терең мән беріп қарауымыз қажет. Доктринада Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы – халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім екені анық жазылған. Қазіргі біздің қоғамымызда келісім мен тұрақтылықты сақтаудың тұжырымдамалық жаңа механизмін қалыптастыру керек. Өйткені, Қазақстан конфессияаралық келісімнің үлгісі, діндер үнқатысуының әлемдік орталығы болып табылады. Доктринада біздің қоғамдағы келісімді қалыптастырудың жаңа, заманауи формаларын пайдалану керек, келісімді күштеп емес, адамдардың саяси мәдениетін қалыптастыру арқылы қамтамасыз ету керек деген тезистер бар. Доктринада «Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз болып табылады», деп атап көрсетілген. Партия съезінде Елбасы біздің ұранымыз «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» екенін, бұл біздің нақты өмірде дәйектілікпен жүзеге асырып келе жатқан аса маңызды қағидатымыз болып отырғанын айрықша айтып өтті. Біздің халық өз жанына өзге ұлттарды топтастырып, елді біріктіруде негізгі ұйытқы болады.
Доктринада көрсетілген тағы да бір құндылық – заңның үстемдігі. Бұл – мемлекетіміз үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Құжатта атап көрсетілгендей, заң қандай да бір адамның мәртебесіне және әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, мүлтіксіз орындалуы керек деп нақты жазылған. Доктринада: «Заңның үстемдігі әділ қоғам құруға, баршаның мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге жағдай туғызады», деп жазылған. Сондықтан демократиялық жолды таңдаған Қазақстанның болашағы заңның үстемдігіне тікелей байланысты. Осы жолда, біздерге – Парламент депутаттарына да үлкен міндеттер жүктеліп отыр. 2 қыркүйек күні үшінші сессияның ашылуында Мемлекет басшысы заң шығару ісіндегі негізгі бағыттарды айқындап берді. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінде заң жобаларымен жұмыс жасау өте қарқынды жүргізілуде. Жаңа заң жобалары комитет пен жұмыс топтарының отырыстарында талқыланып жатыр. Біздің мақсат – қоғамға қажетті сапалы заңдар шығару.
«Нұр Отан» партиясы халықты бір мақсат жолына біріктірудің үйлестірушісі болуы керек. Біздің партия еліміздің жетекші саяси күші ретінде, ең алдымен, әрбір аймақ, тұрғылықты жер тұрғындарымен ынтымақтаса жұмыс істейтін жергілікті ұйымдары мен бөлімшелеріне сүйенеді. Сондықтан біздің бірінші мақсатымыз – барлық саяси құрылымдардың жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтеру. Бүгінде жергілікті және аймақтық филиалдарды нығайту мақсатында барлық жағдайлар жасалуда. Әрине, халықпен жұмыс жасаудың, насихат жүргізудің, елді бір мақсат жолына біріктірудің негізгі салмағы өңірлердегі партияластарымыздың иығына жүктелетіні анық. Сондықтан жаңа Саяси доктринада айқындалған «Нұр Отан» партиясының идеялары мен құндылықтарын қоғамда жүзеге асырудың басты жауапкершілігі партия мүшелеріне жүктеліп отыр.
Біздің партиямыздың жаңа Саяси доктринасының негізінде қазақстандықтың өз армандары мен идеялары жатыр. Біздің қоғамдағы әрбір адамның жетістігі – елдің жетістігі. Сондықтан мемлекет деңгейінде адамға өз мүмкіндігін ашуға, өзінің отбасы үшін қызмет атқаруға және әл-ауқатын арттыруға барлық жағдайлар жасалған. Біздің мақсатымыз – қоғамымыздың әрбір мүшесіне, өз мүмкіндіктерін аша отырып, жетістікке жетуіне бағыт-бағдар беру.
Партияға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Елбасы «Нұр Отан» қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы қажет екенін айтты. Өйткені, партия үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен, басқа да саяси, мәдени ұйымдармен тығыз әріптестік байланыс орнатып, олардың пікіріне де назар аударып, ұтымды ұсыныстарға сараптама жасап, барлық күшті бір ортаға біріктіруі қажет. Елбасының айтуынша, бұл жұмысты босаңсытуға болмайды, өйткені, біздің партия елдің болашаққа қадам басуының ядросы болып табылады.
Мемлекет басшысы: «Партиялық көшбасшылықтың басты мәселелерінің бірі – экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық эпицентрі болу. Біздің партиямыз қоғам мен мемлекетті дамудың батыл, инновациялық идеяларымен нәрлендіруі тиіс», деп атап өтті.
Қазір іске асып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы еліміздің бүкіл экономикасын дамытудың локомотиві болуы қажет. Экономика жетістіктері инновациялар және ғылыми жаңалықтар негізінде алға басатыны анық. «ХХІ ғасырда табыстың маңызды шарты креативтілік болып табылатынын атап көрсетемін. Сондықтан «Нұр Отан» креативті партия болуы тиіс. Шығармашыл интеллигенциямен жұмысты айтарлықтай күшейту керек», деген Елбасы зиялы қауымға үлкен сенім артып отыр. Интеллигенция – қоғамдағы үлкен күш. «Нұр Отан» партиясы саяси-насихат ісінде зиялы қауыммен тығыз жұмыс істеп, халық үшін жүзеге асырып жатқан оң бастамаларын елге жеткізе білуі керек. Осы орайда, Ел Президенті біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік, әралуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды, деді. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн.
Қазір бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда: Бизнес жол картасы-2020, Жұмыспен қамту-2020, Өнімділік-2020. Біздің азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін қолдаудың 100-ден астам тетіктері жұмыс жасайды. Мұның барлығын біз қоғамға жеткізуіміз қажет.
Партияның ендігі шешімдері осы Доктринаға сүйеніп қабылдануы керек. Біз халыққа қандай жетістікке жеткенімізді, қандай кедергілер болуы мүмкін екенін, қандай бағытты ұстанамыз, қандай мәселелер шешуді қажет ететінін ашық айтуымыз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге тиіспіз. Халықты сыбайлас жемқорлықтан қорғау қажет. Мемлекеттік қазынадан бір теңге де басқа жаққа кетпеуі керек.
«Нұр Отан» партиясының Төрағасы өз сөзінде біздің партия мемлекетіміздің басты сыртқы саяси құндылықтарын белсенді жақтап және алға бастыруы керек екенін айтты. Әрине, әлемдік қоғамдастыққа мүше болып отырған Қазақстан халықаралық мәселеде үлкен беделге ие. Сауда-экономикалық байланыста тиімді жағын анық біліп отыруымыз керек. Сыртқы саясатта ынтымақтастық негіздерін берік ұстанып, мәдени-рухани байлығымызды, ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытуымыз қажет. «Нұр Отан» партиясы осы іске де атсалысып, өзінің саяси қарым-қатынастағы шеберлігін көрсете білгені жөн.
Біздің Доктрина – Қазақстан-2050 Стратегиясын қолдаудың жалпыұлттық жобасы. Доктринада «Нұр Отан» партиясының басты саяси күш ретінде рөлінің артуы, ол Елбасының саяси бағытын қолдаудың негізі болатындығы айқындалған.
Осы Доктрина қоғамда дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға жұмыс істейді деген сенімдеміз. Екіншіден, осы Доктрина «Нұр Отанның» жұмысын жүйелі, толыққанды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ортақ құндылықтарды анықтап алу арқылы партияның ішіндегі бірлікті, тұтастықты қамтамасыз етуге жұмыс істейді деп сенеміз.
Біздің партия Елбасы ұстанған бағыт-бағдардың төңірегіне ынтымақтасуға, бірігуге үндейді. Біз Елбасының саяси бағытының сабақтастығы мен тұрақтылығын қолдаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Партия қашанда жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы тиіс. Біріншіден, «Нұр Отан» – халықты топтастырушы партия», деді. Сондықтан партияның көшбасшылық қабілетін оның әрбір мүшесі өз ортасында таныта білуі керек және соған орай жауапкершілікке де ие болады.
Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған кемел саясатының нәтижесінде тәуелсіз еліміз өз тарихында болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Ал Доктринаның міндеті – елдің табысын одан әрі арттырып, биік белестерді бағындыру. Бұл құжатта көзделген мақсатқа қол жеткізетіндер – жастар. Ел азаматтарына жаңа стратегиялық бағыт бойынша қарқынды жұмыс істейтін мүмкіндік туып тұр. Оны ұйымдастыру «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған жауапты міндет, мүдделі мақсат!
Уәлихан БИШІМБАЕВ,
академик, Парламент
Мәжілісінің депутаты.