Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, аудан әкімдіктері мен санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті өкілдері бірқатар ірі сауда нысандарында - «Жаннұр» сауда үйінде, «Әсем» базарында, «Керуен», «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталықтары және т.б. мониторинг жүргізді.
«Мониторинг көрсеткендей, барлық нысандар сенбі күні жұмыс істеуге дайын, олар бас санитарлық дәрігердің барлық қажетті талаптарын орындаған», - деді инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысы Руслан Ыдырысов.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа қаулыға сәйкес, елордадағы сауда үйлері, сауда және ойын-сауық орталықтары да сенбіде сағат 09: 00-ден 20: 00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Жексенбі күндері жұмыс жасауға тыйым салу сақталады. Келушілер маска тағуы, әлеуметтік қашықтық сақтауы, термометрия, антисептиктер мен санитайзер қолдану міндетті.
«Егер мобильді топтар сауда ойын-сауық орталықтарында шектеу шаралары мен карантин талаптары бұзылғанын анықтаса, онда рұқсат алынып тасталады және олар сенбіде жұмыс істемейді. Келушілер маска тағуы керек, термометрия қажет, залдарда - антисептиктер, санитайзерлер болуы тиіс. Әр бутикте қашықтық сақталуы, әр адамға төрт шаршы метр бөлінуі керек. Келушілер саны 30% -дан аспауы қажет», - деді Байқоңыр аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Икласова.
Сауда орындарында орналасқан сұлулық салондарына, ательелерге, химиялық тазарту орындарына, шаштараздарға, аяқ киім жөндеу шеберханаларына жаңа кесте енгізілді. Аталған кәсіпкерлік субъектілері барлық санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, сенбі мен жексенбі күндері 09: 00-ден 20: 00-ге дейін жұмыс істей алады.