Елбасы • 27 Қараша, 2020

Тұңғыш Президент күні қарсаңында деректі фильмдер топтамасы көрсетіледі

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келесі жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Тәуелсіздік жолы күрделі реформалар мен қиын шешімдер кезеңі болды. Нәтижесінде Қазақстан халықаралық аренада нарықтық экономикасы бар заманауи мемлекетке айналды. Жас ұрпаққа еліміздің даму жүйесінің қалыптасу нәтижелерін түсіндірудің маңызы зор. Тұңғыш Президент күні қарсаңында білім беру мекемелерінде «Тәуелсіздіктің жеті қыры» деректі фильмдер топтамасы көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында деректі фильмдер топтамасы көрсетіледі
Жоба егемендіктің алғашқы жылдарында Қазақстан еңсерген жеті негізгі сын-тегеуріндерге негізделген. Солардың бірқатары – нарықтық экономиканың қалыптасуы, мемлекеттік шекараны белгілеу және халықаралық интеграциялық процестер, ұлтаралық келісім, ядролық сынақтарға қарсы бастамалар, жаңа астананың құрылысы, транзиттік әлеуетті іске асыру және Арал теңізіндегі экологиялық мәселелер мен демографиялық проблемалар.
 
Жас мемлекетіміз бұл күрделі мәселелерді Тұңғыш Президент бастамасымен жүргізілген реформалар арқылы еңсеріп, басты жетістіктеріне айналдырды және еліміздің даму жолының бірегейлігін айқындады. Мәселен, ядролық қарудан бас тарту Қазақстанға әлемдік аренадағы орнын нығайтуға, шетелдік инвестицияларды тартуда Орталық Азия көшбасшысына айналуға мүмкіндік берді. Еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық және этносаралық бірлік пен келісімнің бірегей моделі көптеген елдерге үлгі болып қалыптасты.
 
Фильмдердің мазмұны мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың, саясаттанушылардың, экономистердің естеліктері мен пікірлеріне негізделген.
 
Осы фильмдер білім беру ұйымдарындағы сынып сағаттарында, ашық сабақтарда, пікірталастар мен кураторлық сабақтарда көрсетіліп жатыр. Шараға 2,8 млн астам мектеп оқушыларын және жоғары оқу орындары мен колледждердің 700 мыңнан астам студентін қамту жоспарлануда. Сондай-ақ іс-шаралар онлайн форматта өткізіледі.
 
Жеті фильмнен тұратын жобаны «Астана» телеарнасы түсіріп, бұған дейін елорда күніне орай эфирде көрсеткен болатын.