Әдебиет • 27 Қараша, 2020

Алматыда "Шыңғыз хан" кітабы жарық көрді

1946 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабының тұсаукесері өтті. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасында» өткен шара Алтын Орданың 750 жылдығы аясында қолға алынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда "Шыңғыз хан" кітабы жарық көрді

Шараны ашып жүргізген Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов кітаптың маңыздылығына тоқталды.

– Бұл кітапта қазақтың тамырының тереңде екені, Шыңғыс ханның ұлтымызбен тікелей байланысы бар екені баяндалады. Ержан мен Зәріпбай ағаларымыз тарихшылар мен ғалымдардың қолына жетпеген деректерді тауып, осы керемет еңбекті жазып шықты. Біз осы кітапты оқып, ондағы деректерді сіңіріп, ізімізден ерген жастар мен жас ғалымдарға ұсына білуіміз қажет, – деді Зиябек Қабылдинов.

Автор Ержан Исақұловтың айтуынша, «Жамиғ ат-тауарихта» келтірілген түркілер мен оның мұғул тармағына қатысты ең маңызды деректер іріктеп алынып, кітап соның негізінде жазылған.

– Кітапқа «Жамиғ ат-тауарихта» келтірілген деректерден басқа XV және XVI ғасырларда парсы тілінде жазылған Шараф ад-Дин Әли Йаздидің «Зафар намасы» мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты туындыларынан түркі және мұғул тайпаларының пайда болған уақыттары туралы, түркілердің мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз ханның шежіресі Нұх  (а.с.) мен Адам (а.с.) атаға тірелетіні жайлы, Әмір Темірдің Шыңғыз ханға  өте жақын аталас туыс екендігі, 1269 жылы Шыңғыз ханның Қайду хан атты немересінің бастамасымен шақырылған Талас құрылтайының шешімімен құрылған Моғолстан және Алтын Орда мемлекетерінің Керей мен Жәнібек сұлтандар 1465 жылы құрған Қазақ хандығымен ұштасатыны жөніндегі өте құнды және тың деректер қосылды. Кітап қазақ халқының рухани жаңғыруына, әсіресе, біздің жастарымыздың рухын көтеріп, олардың елдің жарқын болашағы жолында жан аямай атсалысуына зор ықпал етеді деп ойлаймыз, – дейді еңбек авторы.

Сондай-ақ автордың сөзінше осы күнге дейін Шыңғыз ханның шыққан тегі «моңғол» деген қате ұғым қалыптасқан. Ержан Исақұлов бұған қатысты да терең түсінік береді.

– «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақшасы мен орысшасын салыстырып зертеу барысында оның орысша аудармасында өрескел қателіктер мен бұрмалаулардың орын алғандығы анықталды. Соның нәтижесінде тайпалардың, адамдардың, жерлердің, таулардың, өзендер мен көлдердің атаулары мен тарихтары адам айтқызсыз өзгерістерге ұшыраған, қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Ертіс пен  Бұрқан Қалдұн тауларындағы өзендердің алқабын мекендеген түркілердің мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз хан мен оның  руының атауы «моңғол» деп қате аударылып, мұғулдар мен олардың ежелгі көршілері болған керейлер мен наймандардың   ата-мекендерінің орындары аудармашылардың қолымен Ертіс пен Бұрқан Қалдұннан бір сәтте Моңғолия жеріне апарылған,сөйтіп олар «моңғолға»  айналған, – дейді автор.

Игілікті шараға отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді бұл еңбектің отандық ғылым мен тарих саласы үшін маңызы терең екенін айтады.

– Осы күнге дейін осындай кітапқа біздің қолымыз жетпей келді. Жалпы, Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың тандемі бізге үлкен-үлкен кітаптарды алып келді. Қазақ тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға мүмкіндік беретін еңбектер жазуда. «Шыңғыз хан» кітабын «Жамиғ ат-тауарихтың» жалғасы деуге болады. Өйткені ішінде «Жамиғ ат-тауарихта» айтылатын қазақ тарихына тікелей қатысы бар ру-тайпалардың тарихы жүр. Біздің тарихымыз үшін бұл үлкен жетістік. Мұны халқымыздың тарихи танымының кемелдікке қадам басқанының көрінісі деп бағалар едім, – дейді Мәмбет Қойгелді.

Конференция барысында қатысушы өзге де ғалымдар пікір білдіріп, кітаптың кейінгі ұрпаққа берер пайдасы мен тарихи тұрғыдағы маңызын саралады. Көрнекті тарихшы-ғалымдар авторға шығармашылық табыс тілеп, қазақ тарихына беделі биік, айтары мол туынды қосылғанын айтты.