30 Қараша, 2013

Кітапханадағы поэзия түні

1041 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Кітапханадағы поэзия түні» әлеуметтік-мәдени акциясының «Жауһар жыр планетасына түнгі саяхат» атты іс-шарасы «Кітапхана шақырады, поэзия шақырады» атты лазерлік шоудан басталды.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Кітапханадағы поэзия түні» әлеуметтік-мәдени акциясының «Жауһар жыр планетасына түнгі саяхат» атты іс-шарасы «Кітапхана шақырады, поэзия шақырады» атты лазерлік шоудан басталды.

Кітап оқуды насихаттау, адам­гершілік тәрбие мен рухани байлық, әлемді тану мен білімге жетелейтін орта – кітап­ханаға келуді қоғамның руха­ни дәстүріне айналдыруды мақсат еткен басқосуға елор­даның шығармашылық және зиялы қауым, ұлттық эт­номәдени бірлестіктердің өкілдері, сонымен қатар, жас ақындар, оқытушылар, кітапханашылар мен студенттер қатысты.

Шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәде­ниет комитеті тарихи-мәдени мұралар басқармасының басшысы Базарбай Алтаев өтіп жатқан игілікті істің мән-мағынасына тоқталып, кітапханаға Германия­да шыққан көрме каталогы кітабының екі томдығын табыс етсе, бұл сияпатты қабыл алған Ұлттық академиялық кітап­хананың бас директоры, жазушы Әлібек Асқар мұндай бір мезгілде бірнеше іс-шараны қатар қамтыған басқосудың Астанада тұңғыш рет өткізіліп отырғанын айтып, жиналған көпшілікке ризашылығын білдірді.

Биылғы жыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Фариза Оңғарсынованың туындыларын қамтығандықтан кітапханадағы поэзия түнінің жыр бөлімі ақын шығармашылығына арналды. «Шаңырақ» этнографиялық залында Фариза Оңғарсынованың туған жері «Манаш» ауылы орнықса, «Музыкалық мейманжайда» «Жүректерге бір жылу әкелейін...» атты жыр кеші өтті. Кеш күй атасы Құрманғазының «Адай» күйімен ашылып, ақындар Маржан Ершу, Құралай Жұмақанова мен Гүлсара Шалқар ақын апаларының өлеңдерін оқып, әнші Клара Төленбаева Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Табылды Досымовтың «Қыз мұңы» әнін төгілте шырқады. Филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы ақын апасының өлең сиқырының сырлы әлемін баяндап, «Калейдоскоп» атты Фариза Оңғарсынова туралы өлеңдер жинағының құрас­тырушысы, ақын Владимир Петров арнау өлеңін оқып, жас ақындар Ольга Посохова мен Қымбат Бұхарбаева апаларының өлеңдерін орыс тілінде оқыды. Ақын апамыздың лирикасына арналып «Тартынбай сөйлер асылмын...» әдеби сайысы мен «Қырмызы бояулар сөйлесін...» тақырыбында жас суретшілер аллеясы жасақталып, «Көгілдір» залда «Ақбереннің ақындық әлемі» атты «Дарын» және «Серпер» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезекпен сұхбат кеші болып өтті. Сондай-ақ, жиналған көпшілік осындағы кітапхана қорынан алынған ең үлкен, ең кішкентай, ең сирек және ең жаңа кітап көрмесін, «Менің қолтаңбам» атты мүмкіндігі шек­теулі оқырмандардың өздері қолдан жасаған бұйымдардың көрмесін, «Домбыра party» кеші мен «Әдеби караоке» музыкалық шеруін тамашалап, «East-West» кварталында Үндістан, Франция мен Корея елдерінің салт-дәстүрлері мен мәдениеті туралы кең мағлұматтар ала білді. Ал «Көркем әдебиет абономенті» залында әртүрлі жастағы оқырмандар қатысатын «Әдебиет әлемі» атты жүздесуде ең көп оқитын оқырманды марапаттау рәсімі болып, сайттарда іздеу жүйесінде берілген ресурстарды жылдам тапқан ең тапқыр оқырмандарға жүлделер табыс етілді.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар