Әлем • 30 Қараша, 2020

COVID-19: Әлемдегі ахуалға шолу

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кей мемлекеттер эпидемияның екінші толқынымен күрес мәселесіне белсене кірісе бастады. Дегенмен, мереке қарсаңында бірнеше елде карантиндік шаралар жеңілдетілуі мүмкін, - деп хабарлайды Egemen.kz

COVID-19: Әлемдегі ахуалға шолу

Ұлыбритания елдің бірнеше аймақтарында, оның ішінде ел астанасында шектеу шараларын жеңілдетпек. Елде инфекцияның жұғу индексі бірден төмендеді. Бірақ халықтың 40% - дан астамы әлі де қатаң карантинді сақтауға мәжбүр.

Францияда шектеу шараларының бір бөлігі өз күшінде қалады, бірақ бүгіннен бастап дүкендер ашылып, тұрғындар қозғалысының рұқсат етілген радиусы артты. Соңғы аптада елде індетті жұқтырғандардың күнделікті саны азаюда.

Хорватияда барлар мен мейрамханалар жабылып, жиындарға қатысушылар саны азайтылды. Үйлену тойларына толықтай тыйым салынды, ал жерлеу рәсімдері 25 адаммен шектеледі.

Италияда, 29 қарашадан бастап Ломбардия, Пьемонт және Калабрия аймақтары қызыл аймақтан сарғыш аймаққа ауысады. Өңір тұрғындары қайтадан 5.00-ден 22.00-ге дейін еркін жүре алады. Сонымен қатар, жұмысқа бару, дәрігерге көріну немесе балаларын мектепке апару үшін аймақ ішінде жүріп тұруға рұқсат етіледі.

Ирландияда жалпы гигиена және әлеуметтік арақашықтық ережелерінің сақтау шартымен дүкендер, мұражайлар, көркемөнер галереялары мен кітапханалардың 1 желтоқсаннан бастап ашылуына рұқсат етілді. Ал 4 желтоқсаннан бастап тек сусындар ғана емес, сонымен қатар тамақ ұсынатын мейрамханалар мен барлар қайтадан жұмыс істей бастайды.

Бельгия Премьер-министрі Александр де Кроо Рождество мерекесі кезеңінде дүкендер ашылатынын айтты. Бірақ, мемлекетте ішінара локдаун режимі сақталады.

Германия 23 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында карантиндік шаралардың жеңілдетілетінін хабарлады. Германия канцлері Ангела Меркельдің федералды аймақтар басшыларымен кездесуінде, аталған мерзім арасында жиындар 10 ересек адамға дейін қатысуына рұқсат етілуі туралы шешім қабылданды.