“Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 14-ші отырысында Қаржы министрлігіндегі жемқорлыққа қарсы жұмыстың жай-күйі мен орындалу барысы туралы мәселе қаралды. Қазақстанның барлық аймақтарымен бейнеконференция форматында ұйымдастырылған шараға Қаржы министрлігі өкілдері, Бас прокуратура қызметкерлері, билік партиясының аймақтық филиалдарының және министрліктің аумақтық құрылымдарының басшылары қатысты.
Парламент Сенатының депутаты, Қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбікәрімовтің төрағалығымен өткен шарада алғашқы болып баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев атқарылған жұмыстарға қарамастан, Қаржы министрлігінің жүйесінде әлі де болса елеулі кемшіліктердің орын алып отырғанын атап өтті. “Біз мұны жақсы түсінеміз және жауапкершілікпен қараймыз”, деді Қаржы министрі. Оның айтуынша, бүгінгі таңда министрлік және оның комитеттері қабылдаған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу, түбегейлі жою жөніндегі шаралар жеткіліксіз болып отырған көрінеді.
Сонымен қатар, ол 2009 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер саны жағынан Қаржы министрлігі 4-орында, ал мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу фактілерінің саны жағынан 12-ші орында тұрғанын айтты.
Парламент Мәжілісінің депутаты, аталған кеңес мүшесі Нұрлан Әбдіров Қаржы министрлігі тарапынан жүзеге асырылған іс-шараларға қарамастан, жемқорлық іс-әрекеттердің бәсеңдемей отырғанын атап көрсетті. “Мәселен, 2009 жылы 108 сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері орын алды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Бұл, әсіресе, орталық мемлекеттік органдардағы жемқорлық көрсеткішінің жоғарылағанын байқатады. Кеден органдарында ол 62-ге, ал салық органдарында 36-ға жеткен”, деді Нұрлан Мәжитұлы өз сөзінде.
Жиын барысында, сондай-ақ, жемқорлыққа қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері шығарылды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.