Кеше Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындары жастарының басын қосқан «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалінің гала-форумы өтті.
Кеше Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындары жастарының басын қосқан «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалінің гала-форумы өтті.
Фестиваль аясында бір ай бойы алдын ала хабарланған байқаулар бойынша студенттік жұмыстар қабылданған болатын. Байқаулар тақырыбы «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты студенттік эссе байқауы және «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы болып іріктеліп, жас буын өкілдерінің алдына мақсатты жұмыс жасау талабы қойылған. Әр байқау бойынша секциялық отырыстар өтіп, қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққандарды таңдап, шешім шығарды. Ұйымдастырушы комитетке еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінен 1000-ға тарта жұмыстар келіп түсіп, ең үздік 300 автор байқаудың екінші кезеңі – гала-форумға қатысуға шақырту алды.
Гала-форум аясында әр өңірден келген қатысушылар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Керемет» жастар ресурстық орталығымен, студенттік бизнес-инкубаторы, студенттік клубтар жұмысымен және студенттік инновациялық жобалар көрмесімен танысты.
Гала-форумның салтанатты ашылуындағы құттықтау сөзінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жастардың жан-жақты дамуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға көп көңіл бөліп келе жатқандығын айта келіп: «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Дәл сіздердің алдарыңызда осы бағдарламаның орындалуы тұр. ХХІ ғасырда Қазақстанды құратын және дамытатын сіздер. Сондықтан да бүгін әрқайсыңыз белсенді азамат, Отанымыздың патриоты және республиканың дамуына өз үлестеріңізді қосуға ұмтылуларыңыз қажет. «Мен жастарға сенемін!» республикалық патриоттық фестивалі студент жастардың Қазақстанның болашағы үшін патриоттықты және азаматтық жауапкершілікті көтеруге бағытталған. Біз осы фестиваль сіздердің барлықтарыңыз үшін идеялар, бастамалар және нақты жобалармен алмасу алаңына айналып отырғанына қуаныштымыз», – деді.
Фестивальдің шешуші күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында номинациялар бойынша фестиваль жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, онда беделді мамандардан құралған тәуелсіз қазылар тобы әрбір конкурс бойынша фестивальдің жеңімпаздарын анықтады.
Атап айтсақ, «Менің ел дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық жобалар байқауында 1-ші орынды және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бір жыл тегін оқу грантының сертификатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенті Е.Үсенов жеңіп алса, 2-ші орынды және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлықтың иегері Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Д.Ахметжанов атанды, ал 3-ші орынның және «Жас Отан» жастар қанаты тағайындаған арнайы сыйлықтың иегері Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті А.Яцевич деп танылды.
«Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты студенттік эссе байқауында 1-ші орынды және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бір жыл тегін оқу грантын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ә.Тасқалиева, 2-ші орынды және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлықты Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Н.Кішкенебаев, 3-ші орынды және «Жас Отан» жастар қанаты тағайындаған арнайы сыйлықты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті М.Пазылбеков жеңіп алды.
«Мен жастарға сенемін!» атты жас ақындар байқауында 1-ші орынды және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бір жыл тегін оқу грантын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті А.Тіленшиев, 2-ші орынды және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлықты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті Б.Мырзақұлов, 3-ші орынды және «Жас Отан» жастар қанаты тағайындаған арнайы сыйлықты С.Демирел атындағы университеттің филология факультетінің студенті Т.Жорабай иеленді.
Қазақстанның болашағы – өнерлі де өрелі жас ұрпақтың басын қосқан аталмыш фестивальді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Жас Отан» жастар қанаты мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.