Жаңартылған руханият ошағының оқу залы кең, әрі көп функционалды. Кітапхана іші «IDEA-ROOM activity», «Face To Face», «Оқу» және «Цифрландыру» аумақтарына бөлінген. Студенттер емін-еркін, ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ кітапхана қорына қол жеткізе алады. Өз бетінше керек кітаптарды алып, тіркеп, пайдалана береді. Шығаберісте орнатылған арнайы құрылғының арқасында, кітапты рұқсатсыз алып кету мүмкін емес.
Салтанатты іс-шарада бірінші проректор Сәуле Рахметуллина жиналған қауымды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сонымен қатар, кітапханада көп жылдар еңбек еткен Риза Бегимова жиналғандарға жылы лебізін білдірді.
- ШҚТУ кітапханасы республика бойынша ғылыми кітапханалар үздігінен ешқашан түспеген. Бүгіннен бастап жаңартылған форматта білім алушыларға қызмет көрсетпек. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жастар үшін ыңғайлы етіп жасалған. «Кітапхана мен кітаптарсыз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мүмкін емес деп» Елбасымыз да айтқан, – деді кітапхана ардагері Риза Бегимова.
Айта кетерлігі, кітапханаға оқырмандар көп келетіндіктен, ауаны зарарсыздандыру үшін бактерицидті шамдар қолданылмақ.