Чемпион команданың бас бапкері Виктор Жевагин пандемия салдарынан болған үзілістің спортшылардың дайындығына өзіндік әсерін тигізбей қоймағанын атап өтті.
– Дегенмен қыздарымыз жиылып қалған күш-қуатты Түркістанда өткен чемпионат барысында жарқырата көрсетті. Мықты деген қарсыластарының бәрін тізе бүктірді. Команда жас, болашағы алда. Оның құрамында Қарағандының ғана емес, Жезқазған, Абай және Саран қалаларының талантты баскетболшы қыздары өнер көрсетті – дейді ол.
Чемпионат қорытындысында Қарағанды облысы құрамасының Мәдина Рахымбердиева, Асылжан Майлыбаева сынды ойыншылары турнирдің үздік баскетболшылары атанды. Ал команданың алты бірдей мүшесі «Спорт шебері» нормативін орындауға бір қадам жақындады.
Айта кету керек, Қарағандыда кәсіпқой баскетбол клубы биылғы жылдың наурыз айында құрылған болатын. Облыстың ересек қыздар командасы Қазақстанның жоғары лигасында бірінші тур ойындарын өткізді. Бұдан бөлек олар Қазақстан Республикасының федерация кубогы сынына қатысып, жүлделі екінші орын алды. Ал ерлер құрама командасы ел біріншілігінің турнир кестесінде үшінші сатыда тұр.
Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев кәсіпқой клубтың құрылуы жергілікті талантты жас спортшылардың басқа аймақтарға ауысып кетпеуінеигі әсерін тигізгенін айтады.
– Бұған дейін өзге өңірлерге кетіп қалғанспортшыларымыз сол жерде жетекші ойыншыларға айналып отырды. Ал клуб құрылғаннан бері жағдай өзгерді. Өзіміз тәрбиелеп өсірген жастарымыз шебер ойындарымен қуантып, тәуір нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бұл жерде облыс басшылығының біздің бастамаларымызға көрсетіп отырған қолдауын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Виктор Жевагин сынды өз ісіне шын берілген мамандар мен жаттықтырушылардың бұл істің нәтижелі болуына қосқан үлестері өте қомақты болды, – дейді Т.Абылаев.
Облыс спортының басшысы жеңімпаз команда мен оның тәлімгерін арнайы қабылдап, Қазақстан чемпионатындағы толайым табыспен құттықтады.
Қарағанды облысы