![«Киік» акциясы басталды](/media/2020/12/03/9.jpg)
illustrators.ru
«Киік» акциясына «Охотзоопром ӨБ» кәсіпорнының Жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 жол талғамайтын көлік, 23 қарда жүргіш техникасы, 2 бірлік «Берлога» вагоншалары (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылады. Сонымен қоса «Охотзоопром ӨБ» бастамасымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Жануарлар дүниесін есептеу және мониторинг бөлімдерінен инспекторлар тартылмақ.
Әр өңірлік филиалда облыстық аумақтық инспекциялар мен ішкі істер орган өкілдерінен жасақталған бірлескен мобильдік топтар жұмыс істейді. Сондай-ақ әкімдіктердің келісімімен белгіленген карантиндік блок бекеттерінде «Киік» кең ауқымды акциясы бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізілмек.
Аталған науқан Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізіледі.
2019 жылы киіктерді заңсыз атудың 47 браконьерлік фактісі анықталып, 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленді. 203 әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жазаға 43 заң бұзушы тартылды. Табиғат ресурстарына келтірілген шығын 3,3 млрд теңгені құрады.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза күшейтілді. Қолға алынған акция 31 желтоқсанға дейін жалғасады.