Бір бөлмелі 106 пәтерден тұратын он екі қабатты жаңа үй Тілендиев даңғылынан оңтүстікке қарай, Сарыбұлақ өзенінің бойында, Ш.Қосшығұлұлы көшесінде орналасқан. Барлық пәтер кезекте тұрғандарға таза әрленген және қоныстануға дайын күйінде беріледі. Жалға алу құны 1 шаршы метр үшін айына 1 455 теңгені құрайды. Пәтер алғандардың арасында дәрігерлер, медбикелер, ғылыми қызметкерлер, зертханашылар, оқытушылар, тәрбиешілер, әлеуметтік қызметкерлер, полиция және ТЖД қызметкерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің құтқарушылары мен қызметкерлері бар.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларын іске асырудың нәтижесінде еліміздің көптеген азаматы жеңілдікті шарттармен тұрғын үй алуда. Осы жылдың жазында біздің компания мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі арасында денсаулық сақтау, білім беру қызметкерлері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ полиция және ТЖД қызметкерлері қатарынан жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үй беру туралы келісімге қол қойылды. Осы әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға біз көп жылдық тәжірибемізді ескере отырып кірістік. Бүгін біз өте маңызды, әсіресе осындай қиын уақытта, әлеуметтік сала өкілдеріне кілттерін табыстаймыз», деді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Берілетін пәтерлердің ауданы 37-ден 53 шаршы метрге дейін. Жалдау мерзімі – 20 жыл. Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін пәтерлер тұрғындардың меншігіне өтеді. Мерзімінен бұрын өтеуге мораторий жоқ, жалға алушылар тұрғын үйді қалдық құны бойынша кез келген уақытта сатып ала алады.
«Тұңғыш Президент күні қала тұрғындарының тағы бір бөлігі өз пәтерлерінде қоныс тойын тойлайды. Бүгін мұғалімдер, медицина қызметкерлері, ТЖД, ЖП қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері баспаналарына кірді. Аталған пәтерлер Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге, жылдар бойы баспананы күтіп, кезекте тұрған тұлғаларға сатылды. Осы бағдарлама бойынша мыңға жуық пәтер жоспарланған. 350-ден астамы таратылды, бүгін 100-ден астам отбасы баспаналарына кірді», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.