Руханият • 04 Желтоқсан, 2020

Наурыздың ақша қарындай

723 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі жастың махаббаты арқылы, екі рудың ара-қатынасы, сол арқылы халық өмірі мен тағдыры бейнеленген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі бүгінде қазақ киносының алтын қорына айналды. «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін жазу, фильмнің дайындық жұмыстарын жүргізу, фильмді түсіру, монтаждау кезіндегі толғаныс пен қиындыққа толы сәттерден қызық мәліметтерді ұсынамыз.

Наурыздың ақша қарындай

«Қыз Жібек» фильмінің ал­ғаш­­қы нұсқасы «Аққу» деп атал­ған. Фильм сценарийі кино түсі­ріл­­генге дейін он жыл бұрын жа­­зылған еді. 1967 жылы жаңа сце­нарийлерді бекіту кезінде да­йын сце­нарий ретінде еске түсіп, таң­далған-ды. Ал түсірілім үшін қа­зіргі күні кездеспейтін 8-10 қа­­натты шаңқан ақ үйлер арна­йы жасалды. Түрлі түсті ши, та­за ақ жүн, керегені талдан ию үшін солқылдаған жас бозталдар қол­данылған.

«Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасында-ай,

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында-ай», деп келетін сұлулық пен кер­бездіктің нышаны болған Қыз Жібектің бейнесі үшін режис­серлік сценарий бойынша 10 түрлі костюмі болу керек деп бекітілді. Дәл бүгінгі тарихи фильмдердегі костюм жұпынылығы әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан мә­селе екенін ескерсек, сол тұстағы этнографиялық танымға деген ұқыпты қадамға сүйсінбеске амалы­ңыз қалмайды. Мәселен, жа­сан­ды, боялған материал экранда білініп қалады деп костюмдерге қажетті мақпал, жібек, шәйі, батсайы, пүліш, көйлек-кам­золды әдіптейтін құндыз, су­сар, елтірі, киімді оқалайтын жа­құт, інжу-маржандар арнайы қол­данылған.

Арнайы қаулы негізінде сол тұстағы Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне фильмге керек таң­даулы 40 ат тауып беру жүктеледі. Жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт-сайман, киіз үй жи­һаздары және басқа да кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілген еді. Бұл ретте Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, ақ жалтыр темірден батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүз­деген әшекей жасап шығарды.

Фильм суретшісі Гүлфайрус Ысмайлова бастаған таңдаулы ше­­берлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген, мың­да­ған моншақтарды бір-бірлеп өз қол­дарымен қадап шыққан. Ең­­бек еш кеткен жоқ, тарихи фильм­­дер туралы айта қалсақ, ал­­ды­мен ауызға ілігетін фильм қа­­зақ киносының төлқұжатына айналды.

«Қыз Жібек» тобындағы жүз­ге жуық студия қызметкері екі жыл бойы әзірлік жұмыстарын орындап шықты. Жібек рөліне 400-ге жуық үміткерден ұсыныс хат келіп түскен еді. Олардың ішінде 15 қыз ғана іріктеуден өтіп, тек Жібектің серіктері ретінде бекітілді. Ал режиссерлер Жібек рө­ліне лайықты қызды таппай, ұзақ іздейді. Алматының №66 мектебінде 10-сыныпта оқып жүр­ген Мерурет Өтекешованы режиссер Ғазел Мағауина кездейсоқ кө­ріп қалып, студияға ертіп әке­лген.

Сонымен 1969 жылы 4 сәуір­де көркемдік кеңес мәжілісі фильм­нің алғаш түсірілген ма­те­риа­лын талқылады. Жиында Тө­ле­­ген Бекежанның қасында әл­сіз, жас­қаншақ көрінеді деп сы­налды. Шәкен Айманов «Біз­дің кө­ріп отырғанымыз – ойсыз алаң­сыз жүрген біреу» десе, Ға­бит Мүсі­репов «Ол Бекежанның қа­сында бір бишара. Төлеген, қай­талап айтайын, тым дәрменсіз, үміт аз...» деп сенімсіздік таныт­қан. Десе де сырбаз да, ізетті Тө­леген рөлін Құман Тастанбеков өз дең­гейінде алып шықты, бия­зы бейнесімен ел есінде мәңгі сақ­талыпты.

Айта берсек, фильм жа­йын­дағы қызықты деректер көп. Мә­селен, «Сырлыбайдың ауылы» деп аталатын нысанды түсіру ке­зінде «Қырық көш» үшін ауыл­дардан 60 түйе әкелінгендігі айты­лады. Тастың басына ескі таң­­баларды қашап салу үшін екі үлкен көтергіш кран жөнелтілген, сол сияқты Іле жағасындағы «Сыр­­лыбай ауылы» үшін 35 киіз үй тігілген. Ал Фрунзе (қазіргі Біш­­кек) қаласының хайуанаттар ба­­ғынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінді. Сондағы Қаршыға мен Шегенің күй жа­ры­­сында билей жөнелетін аққу­лар­дың көрінісін операторлар кеш батып бара жатқанда түсіріп үл­герген. Фильмдегі аққулар биін түсіру үшін оператор мен режиссер бір күн бойы тапжылмастан күткен екен.

Көлемі 3600 метр фильм үшін 50 мың метр пленка жұмсалды. Кейбір кадрлар 10-12 рет қайтара түсірілген. Қазақтың кең өлкесінің көркем бейнесін барынша әсем көрсету мақсатында Ұлытау, Ақ­тау, Алтай, Жайық, Іле жағасы, Қар­қаралы, Бурабай, Алатау таби­ғаты көз сүйсіндірер көрініске ар­қау болды. 1968-1970 жылдары тү­сірілген «Қыз Жібек» көркем филь­мінің тұсауы 1970 жылы Ал­маты қаласындағы «Целинный» кино­театрында кесілген болатын. Бүкілодақтық тұсау кесері 1971 жылы Мәскеу қаласында өтіп, келесі жылында Бакудегі Бү­кілодақтық кинофестивальде көр­сетіліп, фильм оң бағаға ие болды. Содан бері аттай жарты ға­сырдың бедері өтсе де талайларды таңқалдырған туынды қазақтың қазыналы салт-дәстүрі мен салтанатты тұрмысын қимастықпен, ерекше таңданыспен сағындыра еске салып келеді.