Боксшылар пандемия жағдайында 9 айға жуық шаршы алаңда бой көрсетпегеннен кейін бе, әйтеуір барлық боксшы рингке аш қасқырдай шығып, алдындағы қарсыласын аяған жоқ. Олар чемпионаттың бірінші күнінен бастап, соңғы күніне дейін жанкүйерлерге тартысты жекпе-жек сыйлады.
Жалпы, биылғы чемпионат сенсация мен тосын оқиғаларға толы болды. Іріктеу кезеңіндегі сенсацияларды айтпағанның өзінде, финалдық сайыста 100 пайыз жеңіске жетеді деген боксшылардың өзі қарсыласынан айласын асыра алмады. Соның бірі ең жеңіл салмақта болды. Бес рет ел біріншілігінде топ жарған 32 жастағы тәжірибелі боксшы Теміртас Жүсіпов финалда есімі жанкүйерлерге таныс емес 19 жастағы Даниял Сәбитпен жұдырықтасты. Қарсыласының жасынан, тәжірибесінен қаймықпаған Даниял үш раунд бойы белсенді қимылдап, нәтижесінде төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Сондай-ақ финалда жанкүйерлердің айызын қандыратын нағыз жекпе-жекті 52 килода финалға шыққан боксшылар көрсетті. Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленген Сәкен Бибосынов финалда жастар арасында үш мәрте Азия чемпионы атанып, ересектер дуына биыл ғана қосылған Сабырхан Махмұдқа есе жіберді. Жан алысып, жан беріскен кездесуде екі боксшы да аянып қалған жоқ. Бірақ төрешілердің шешімі бойынша Сабырханның мерейі үстем болды. Осы жетістігінің арқасында ол бокс мамандарына әлі талай биіктерді бағындыратынын дәлелдеді. Бұл кездесудің тартысты өтуінің негізгі себебі, наурыз айында Иорданияда өткен Олимпия ойындарына жолдама беретін турнирге кімді апарарын білмей, бапкерлердің пікірі екіге бөлінгенде соңғы шешім Махмұдқа емес, Бибосыновқа түскен екен. Содан Сабырхан осы біріншілікте Сәкенді қалайда жеңіп, бірінші нөмір атанамын деп өз-өзіне серт берген. Тіпті жекпе-жек соңында берген сұхбатында Сабырхан Сәкенді өзінің басты қарсыласы санайтынын жасырған жоқ.
57 кг салмақта құрама үздігі, Токио Олимпиадасына жолдама алған Серік Теміржанов өзінің расында үздік екенін тағы бір дәлелдеді. Павлодарлық боксшы финалға дейін барлық қарсыласын бір деммен ұтып, финалда Ақмола облысының өкілі Ораз Асылқұловты еш қиындықсыз жеңді.
60 кг салмақта осыдан екі жыл бұрынғы ел чемпионатында екінші орын алған маңғыстаулық Саматәлі Төлтаев финалда шығысқазақстандық Бекнұр Ожановты жеңіп, ересектер арасындағы алғашқы чемпиондығына қол жеткізді. Төлтаев финалға жолдама берер бәсекеде қарағандылық Василий Самчукты жеңсе, Бекнұр Ожанов Лондон Олимпиадасының қатысушысы елордалық Ілияс Сүлейменовтен басым түскен-ді.
63 килода финалдық жекпе-жек өткен жоқ. Өйткені Ақмола облысынан келген Болат Ерсұлтан жарақатына байланысты рингке шығудан бас тартты. Сөйтіп Алматы облысының өкілі Ертуған Зейнуллинов бәйгені шаппай алды. Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленген Зәкір Сафиуллин жарақатына байланысты жартылай финалға шықпаған соң қола жүлдені қанағат тұтты.
69 килода финалда қарағандылық Абылайхан Жүсіпов пен жамбылдық Асланбек Шымбергеновтің жолы тағы да түйісті. 2018 жылы Ақтауда өткен чемпионатта екі боксшы кездесіп, Жүсіповтің мерейі үстем болған еді. Тіпті сол айқаста Шымбергенов абайсызда нокдаунға да түсіп қалған-ды. Осы жолы есе қайтаруды көздеген Асланбек бәрібір діттеген мақсатына жете алмады. Екінші раундта Жүсіповтің оқыс әрекетінен жамбылдық боксшы жарақат алып, қабағы қанай берген соң төрешілер жекпе-жекті тоқтатты. Жеңіс Абылайханның еншісіне жазылды.
75 және 81 кило салмақтарда үздіктер бапкерлер мен жанкүйерлер сенімін ақтады. 2018 жылы жарақатына байланысты ел чемпионатына қатыса алмаған Әбілхан Аманқұл (75 кг) биыл барлық қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, финалда атыраулық Нұрқанат Райыстан басым түсті. Ал 81 килодағы тағы бір құраманың үздігі Бекзат Нұрдәулетов жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Нұрбек Оралбайдан мықты екенін дәлелдеді.
91 килода 2018 жылғы чемпион Василий Левит жарақатына байланысты биылғы жарысқа қатыса алмай, біраз жасқа үміт сыйлады. Бұл салмақтың финалында бір қалада, бір бапкердің қол астында жаттығатын екі боксшы – Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай бақ сынады. Бірі – жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы болса, екіншісі – жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азияның екі дүркін чемпионы. Тең жағдайда өткен жекпе-жекте төрешілер Айбектің қолын көтерді.
Аса ауыр салмақтағы ішкі біріншіліктің финалы соңғы жылдары Қамшыбек Қоңқабаев пен Нұрлан Сапарбайдың арасында өтіп келеді. Дегенмен, Сапарбай екі жылдан бері Қоңқабаевтың осал тұсын таба алмауда. Сөйтіп екі боксшы арасындағы биылғы айқас та Қамшыбектің жеңісімен аяқталды.
Осылайша дәстүрге айналған ел чемпионатының биылғы бәсекесінде жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 2 қола алған Маңғыстау облысы көш бастады. Екінші орынға 1 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленген Нұр-Сұлтан боксшылары орналасты. Үшінші сатыға 1 алтын, 1 күміс, 3 қола еншілеген Жамбыл облысының командасы тұрақтады.
Енді жеңімпаз бен жүлдегерлер қатарынан көрінген боксшылар ұлттық құрамаға алынып, желтоқсан айында Алматыдағы «Ақ Бұлақ» олимпиадалық базасында алғашқы оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Жаңа жылдан бастап халықаралық жарыстарға қатысып, шетелдіктермен бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатыспақ.