Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға бүгін түнгі сағат 01:00 шамасында Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылының маңында болған. Полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына "УАЗ 390945-441" көлігінің жүргізушісі бағынбай, қаша жөнелген.
"Полицейлерден қашқан көліктегі жолаушыларының бірі оқ атқан. Тәртіп сақшылары табельдік қарудан алдымен аспанға, содан кейін дөңгелектерге бір рет ескерту ретінде оқ атқаннан кейін "УАЗ" тоқтатылды. Нәтижесінде оқиға орнында Маңғыстау облысы, Боранқұл ауылының 1995 жылы туған тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Одан 16 калибрлі "ИЖ" маркалы тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді", деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Қазір ұсталған азамат тергеу изоляторына қамауға алынды.