Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2020

Атырау полицейлері салоны "плацкартқа" айналған автобусты ұстады

1343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы аясында кеше, 4 желтоқсанда қаладағы «Береке» шағын ауданында салоны «плацкартқа» айналған «Vanffool» маркалы автобусты ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау полицейлері салоны "плацкартқа" айналған автобусты ұстады

«Атырау-Шымкент»  маршрутындағы автобустың салонын тексеру кезінде көлік құралы «плацкартқа» айналғаны белгілі болды. Салонда жолаушы креслосының орнына қапталған екі қабатты 28 кереует орнатылған. Онда ұйықтап жатқан 17 жолаушы анықталды. Автобус жүргізушілерінің айтуынша, «плацкарт» көлік Шымкент қаласына бағыт алған» деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жүргізушілердің біріне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 590-бабының 5,7 және 8-бөліктері (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 571-бабының 2-бөлігі (Жолаушыларды, багажды және жүкті тасымалдау қағидаларын бұзу), 572-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің еңбек және демалыс режимін бұзу) бойынша хаттамалар толтырылды. Автобус арнайы тұраққа қойылды.