Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2020

"Сонар-2020" жарысының бас бәйгесін атыраулық бүркітші иеленді

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде ит жүгіртіп, құс салған саяшылықтың жүлгесі үзілген емес. Әсіресе, құсбегілік өнерінің бәсі биік. Оның бір мысалын облыста жыл сайын өткізілетін «Сонар» саятшылар жарысының деңгейінен көруге болады. Биыл да бұл дәстүрлі жарыс Еңбекшіқазақ ауданында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Сонар-2020" жарысының бас бәйгесін атыраулық бүркітші иеленді

«Саят» ұлттық спорт түрлері бағдарламасы аясында өткен «Сонар-2020» жарысына еліміздің әр аймағынан саятшылар келді. Өкіншіке қарай, пандемия шектеулеріне байланысты саятшылардың саны қысқарып, жарыс талаптарына да өзгерістер енген екен. Биыл өңірден келетін құсбегілердің саны 5 адамнан аспауы шарт болған. Әдеттегідей саятшылыққа қызығатын жанкүйерлердің де жарыс аймағына келуіне шектеу қойылыпты. Дегенмен, Түрген тауының жотасынана естілген қыран құстың қиқуы саятшылардың делебесін қоздырды.

- Алматы облысы «Сонар» жарысын өткізуді дәстүрге айналдырғанын жұрт біледі. Біз жыл сайын құс баптап, тазы жаратқан саятшылардың басын қосып келеміз. Былтырғы «Сонар» ұлттық спортты дәріптеу мақсатында ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде өткен болатын. Биыл қалыптасқан карантин жағдайына байланысты жарыс талаптарына шектеу қойылды. Сақтық шарасын күшейте отырып, қатысуға ынта білдірген аймақтардың құсбегілерін төрге оздырдық. Бабы келіскен жетпіске жуық құстың ептілігі мен қарымын сынадық. Әрі биыл тазылардың жарысына бөлек жүлде тігіп, бәйге бердік, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

Ал «Сонар-2020» саятшылар жарысының бас бәйгесін атыраулық саятшылар қанжығаға байлады. «Нарын» ныспылы бүркіт осы жолы басқа қырандардан дараланып, иесіне 1 млн теңге жүлде әперді.

- «Нарынның» биыл алтыншы түлеуі. Саят сайысынан жүлдесіз қайтқан кезіміз жоқ. Бір мәрте әлем чемпионатынан, бірнеше дүркін ел чемпионатынан бәйге алдық. Өзім бүркіт баптауды бала кезімнен серік еттім. Бұл – атадан балаға мирас болатын өнер ғой. Маған бұл үрдіс әкемнен қонды. Өзім де енді осы дәстүрді жалғастырып, саятшылықты әлем халықтарының алдында дәріптеуге барымды салып жүрмін, - дейді Атырау облысының атынан жарысқа қатысқан жүлдегер құсбегі Арман Әбдікәрімұлы.

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45