Елордалық командамен екі жыл табысты нәтиже көрсетіп, биылдан бастап «Локомотив» клубының тізгінін ұстаған Андрей Скабелка Ярославльде «Барысқа» қарсы өткізген алғашқы кездесуінде 7:2 есебімен жеңіске жеткен-ді. Араға ай салып Нұр-Сұлтанға қонаққа келген ол бұл жолы да жеңісіне сенімді болған. Алайда кейінгі матчтарда сәтті ойын көрсетіп жүрген «Барыс» ойыншылары оған мүмкіндік берген жоқ.
Кеткен есені қайтару үшін мұзайдынға шыққан Юрий Михайлис шәкірттері ә дегеннен-ақ ойын тізгінін қолдарына алып, кездесудің есебін бірінші болып ашты. 9-минутта Антон Сагадеев қарсылас қақпасын дәл көздеді. Дегенмен екінші кезеңде «Локомотив» шабуылшысы Георгий Иванов (27-минут) есепті теңестіріп кетті. Бірақ қонақтардың қуанышы көпке созылмады. Арада 10 минут өткенде Мэттью Фрэттин «Барыстың» екінші шайбасын соғып, есепті тағы алға шығарды. Ал үшінші кезеңнің соңғы минутында қонақтардың бос қақпасына гол соққан Линус Виделль кездесудің нүктесін қойды. Осылайша «Барыс» 3:1 есебімен жеңіске жетіп, «Локомотивтен» есе қайтарды.