75 волонтердің медициналық көмегі
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде «Медик-волонтерлер» клубы бар. Аталған топ 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің аты айтып тұрғандай, денсаулығы сыр бергендерге медициналық көмек көрсетеді, аурудың алдын алуға бағытталған шаралар ұйымдастырады.
– Біз негізінен медициналық жәрдемге күш саламыз. Мектептер мен колледждерде жұқпалы, онкологиялық ауруларға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалай сақтану керектігін айтамыз. Сондай-ақ көпшілік жерлерде адам ағзасындағы қант мөлшерін анықтап, қан қысымын өлшейміз. Аптасына екі рет облыстық орталық ауруханаға барып, арнайы кезекшілікпен сондағы медбикелердің «қолын ұзартамыз». Мысалы, қаңтар-наурыз айларында медициналық мекемелерге барып тұрдық, – дейді «Медик-волонтерлер» клубының жетекшісі Бақтияр Баймахан.
Оның сөзінше, елімізде төтенше жағдай жарияланғанда да волонтерлердің әрқайсысы қолда бар қаражатын қосып, материалдық жағынан қиындыққа тап болған 4-5 отбасыға азық-түлік таратқан. Бұл топта қазіргі таңда 75 студент бар.
Алғашқы медициналық көмекті қалай жасау керек, күйзелісті қайткенде жеңуге болады деген күнделікті өмірде қажетті кеңестер беретін клуб енді науқас балаларға ақысыз массаж жасауды жоспарлап отыр. Өйткені туабітті дертке душар болған сәбилердің саны, өкінішке қарай, елімізде аз емес...
Қайырымдылық акцияларын өткізеді
Саламатты өмір салтын әрі қайырымдылық жасауды насихаттайтын «Ansar volunteer» тобын ақтөбеліктердің біразы біледі. Олар облыстағы ерікті жастар арасында шағын футболдан турнир өткізіп, командалардың сайысқа қатысу жарнасынан түскен ақшаны игі іске жұмсайды. Мәселен, сондай ойынның бірінен жиналған 200 мың теңгені волонтерлер 4 отбасыға бөліп берді. Ал төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желілер арқылы, демеушілердің арқасында 260 мың теңге жинап, 29 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратты. Қасиетті Рамазан айында 100 мың теңге жиналып, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен 15 анаға азық-түлік себеті берілді. Оған қоса тұрғындардың қауіпсіздігі үшін волонтерлер 200-ден астам медициналық бетперде тігіп, жұртшылыққа үлестірген. «Ansar volunteer» тобының жетекшісі Мейрамбек Шекернаев игі істер туралы ой-пікірін төмендегіше сабақтады:
– Қазіргі таңда құрамымызда 40-қа жуық волонтер бар. Жастардың тек қайырымдылықпен айналыспай, рухани дамуы үшін Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханамен бірлесіп, «Коворкинг» орталығында әр жексенбі сайын түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрміз. Атап айтсақ, «Киноtime» шарасында тәрбиелік мазмұны терең отандық фильмдерді насихаттасақ, «Оқырман ойында» замандастарымыздың кітап оқуға деген ынтасын оятып, өзара пікір алысамыз. «Кейіпкермен сұхбат» айдарында жастарды өмірде өзіндік орнын тапқан білікті мамандармен кездестірсек, уақытты тиімді пайдаланып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруы үшін психологиялық семинар-тренингтер өткіземіз. Бұның бәрі қатарластарымыздың арасында зор қызығушылық туғызды.
Былтыр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына «150 жылдыққа –150 түп ағаш» акциясын бастап, 25 жас көшет отырғыздық. Эстафетаны басқа клубтарға жолдадық, – дейді.
Айта кетейік, аталған клуб өткен жылдың 1 наурызында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының жанынан құрылған.
P.S. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Бірігіп, бір үйдің балаларындай тату болғанда ғана кез келген шаруаның шырайы шығады. Біз әңгімеге тартқан жас волонтерлердің де айтары сол.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
журналист
АҚТӨБЕ